Жұма, 24 қазан, 22:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80, 2192
21.10.2025
PDF мұрағаты

Шу шыққан соң 5 балабақшадан ваучерлік жүйе алып тасталды

24.10.2025

55 0

Фото: BAQ.KZ архиві/ Арман Мухатов

Атырауда 3 ай бойы жалақыға жарымай, шу шығарған мемлекеттік балабақша қызметкерлерінің мәселесі шешілді. Мекеме мамандарының проблемасын біржақты ету үшін қазынадан қосымша қаржы аударылатын болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Осыдан 10 күн бұрын Атырау қаласындағы №8 «Ақбота» санаторлы бөбекжай-балабақшасының қызметкерлері жиналып, шу шығарған еді. Олар соңғы 3 айда еңбекақы алмай, әбден шығынға баттық деп ашынды. 5 ай бойы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаржысы да аударылмаған. Соның саладарынан қызметкерлердің дәрігерлерге жүгінуі де мұң еді. 

Ақшамызды ала алмай жүрміз. Міне ауырғандарымыз дәрігерге бара алмаймыз. Еңбек демалысына шыққандар да көк тиынсыз кетті. Ендігі жұмысқа шығатын уақыттары болды. Балаларын мектепке де киіндіре алмады. Басшымызға айттық, жауапты бөлімге айтып жатырмыз деген. Бірақ әлі ештеңе шешілген жоқ. Оқу-тәрбие процесіне керектің бәрін өзіміз аламыз. Одан қалса амалсыздан ата-аналардан сұратамыз. Жұмысқа келіп кету үшін де ақша таппай отырмыз. Әбден шаршадық. Адал тапқан аұшамыз ғой, тезірек төлесін бізге. Қарызға баттық бәріміз, – деді балабақша қызметкерлерінің бірі Айгүл Шаймарданова.

Бұл балабақшада 70-тен астам адам жұмыс істейді. Мәселені көтерсек, басшылық оны шешудің орнына өзімізге бас салып, жұмысымызды сынай бастайды деп өкпелі олар. Осы келеңсіздіктерге де назар аударылса деп өтініш білдірді. 

Бұған дейін қаржылық қиындық елде енгізілген ваучерлік жүйеге байланысты туындағанын айтқан едік. Облыстық білім беру басқармасындағылар проблеманы реттеу үшін министрлікке хат жазып, соның арқасында 5 балабақшаны ваучерлік жүйеден шығарған. 8-інші балабақшаға қазынадан қосымша 30 млн теңге көлеміндегі қаржы аударылатын болды. 

-Атырау қаласындағы балабақшаларда ваучерлік жүйеге байланысты туындаған мәселелер жан-жақты зерделенді. Талдау барысында балабақшаларда ваучерлік қаржыландыруға байланысты қаржылы қиындықтар орын алып, қайтадан есептеу жүргізілді. Қазіргі уақытта барлық қажетті шаралар қабылданып, бұл мәселе өз шешімін тауып, жағдай тұрақталды. Қызметкерлердің шығындары қазан айының соңына дейін толық өтеледі. Атырау облысы алға қарай ваучерлік жүйенің тиімді әрі тұрақты жүзеге асырылуын қатаң бақылауда ұстайтын болады. 8-інші балабақша бойынша берешек ақша толық аударылады, – дейді Атырау облыстық білім беру басқармасы бөлімінің бас маманы Гүлсім Гилманова.

Жалпы облыс бойынша ваучерлік жүйеден 5 балабақша алып тасталған. Қалған балабақшаларда қазір бала мен қызметкерлер жоқ. Күрделі жөндеуден өтіп жатқасын мекемелерде еш қиындық туындамаған. Бірақ алда бұл бөбекжайлардың бюджеті бұрынғыдай есептелетін болады. 

-Жалпы ваучерлік қаржыландыруға байланысты бізде Атырау қаласының № 8, № 20, № 37, № 28 және № 48-інші күрделі жөндеуде тұрған балабақшалар мына ваучерлік жүйеден шығарылып, қазіргі таңда бұрынғы жүйе бойынша қаржыландырылады. Бұл балабақшаларда күрделі жөндеу жүріп жатыр. Қазір ешқандай қиындық жоқ, – деді Гүлсім Гилманова.

№ 8 балабақша қызметкерлері бұл проблема туындағанда облыстағы мемлекеттік еңбек инспекциясына шағымданған болатын. Бірақ ондағылар зерделеуді 1 апта өткесін ғана бастады. Қарамағындағыларды еңбекақысыз қалдырған мекеме директоры жауапқа тартылып, айыппұл арқалайтынын айтқан болатын. Әзірге зерделеу қорытындысын жариялаған жоқ. Ал осындай қиындықтарды жүйе енгізілгенге дейін шешуге міндетті облыстық білім беру басқармасының басшылығы ешқандай жауапқа тартылмайды. Сүттен ақ, судан таза болып шығады. Еңбек инспекциясы қарамағындағылардың жалақысын беруге тікелей жұмыс беруші, яғни балабақша директоры жауапты. Сол себепті мәселеге де аталған лауазымдағы тұлға жауапты деп түсіндірді. 

Қызметкерлер қарызданған уақытта несиелерінің үстіне үстеме пайыздар қосылғанын айтып, ол шығынды да өтеуді талап етті. Алайда жауаптылар мұндай қосымша қаржы аударылмайтынын айтты.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: