Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 12:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Шымылдықтың ар жағындағы әйел тағдыры

06.03.2022

1812 0

Әйел – ана, асыл жар, сүйікті қарындас. Қазақ қашанда нәзік жандарды өмірінің шырағына теңеп, қыз баласына төрінен орын берген. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деп, ерекше құрмет көрсетті.

Алайда бүгінде заман өзгерді ме, адам өзгерді ме анасына сөз қайтаратын, әпкесін балағаттап, қарындасына жекіп сөйлейтін, жарына қатыгездік танытып жүрген азаматтар қатары көбейді. Тіпті мұндай жағдайға бей-жай қарайтын болдық. Себебі тұрмыстық келеңсіздік қазақ отбасының қасіретіне айналып үлгерді. Соңғы кезде батыстың бейәдеп мәдениеті санамызға сіңіп бара ма? Әлде дұрыс пен бұрыстың аражігін ажырата алмайтын жағдайға жеттік пе? Әйтеуір, қазір қоғамдағы әйел проблемасы өзекті мәселеге айналды.

Өткен жылдың қараша айында халықаралық әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықты жою күніне орай бүкіл әлемде «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-қимылдың 16 күні» жаһандық науқаны өтті. «Стақан, кітап, бәтеңке…» Нұр-Сұлтан қаласында өткен науқанның бірінші күні «Кәдімгі заттар» интерактивті аудиовизуалды көрме ашылды. Экспозицияда стақан, кітап, бәтеңке сынды қарапайым 16 зат ұсынылды. Оның ерекшелігі әр заттың артында қазақ әйелдерінің бүгінгі өмірі мен тұрмыстық жағдайы баяндалған. Мәселен, стақан суретіне «Бұл жай ғана стақан емес. Онымен отбасылық жанжал кезінде әкесі өз қызының басын жарды» деп жазылған. Ал сіріңке суретінде «Бұл жай ғана сіріңке емес. Онымен күйеуі әйелі мен қыздарын өртеп жіберді» делінген. Бір қарағанда өте қарапайым. Бірақ мұндай заттың әрқайсысының артында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адам тағдыры тұр.

Көрмеде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің шынайы оқиғасы назарға ұсынылған. Атап айтсақ, ожау бейнесіндегі тұрмыстық затта «Күйеуім қыздарымды шашынан сүйреп, тепкілейтін» деген әйелдің жан айқайы жатыр.

– Әмина және Кәусар есімді екі қызымды жалғыз тәрбиелеп өсірдім. Кез келген ана секілді оларға бар жақсыны бергім келді және сүйікті әкесі бар, толық отбасында өскенін қаладым. 8 жыл бұрын Қайратқа тұрмысқа шыққанымда қатты қуандым. Кейін одан тағы екі бала дүниеге әкелдім. Бірақ жолдасым қыздарыма нағыз әке бола алмады. Оның орнына ол өмірімізді құртты. Мен табалдырықтан аттаған бойда, Қайрат қыздарымды шашынан сүйреп, басынан ұрып, тепкілей бастайтын. Оларды қорғаған мені де ұра жөнелетін. Қайрат ақша бермей, бір үзім нан ғана беретін, тіпті қытай кеспесі мен қытырлақ нан жеп күн көретінбіз. Балаларды алып, күйеуімнен кетпек болдым, бірақ жүкті екенімді біліп, үйге оралдым. Балаларымның менің тағдырымды қайталап, әкесін білмей өскенін қаламадым. Оларды қорғай алатыныма сенемін және өскенде мені түсінетініне үміттенемін.

Бұл – бір ғана мысал. «Қазақты намыс өлтіреді» демекші, отбасылық кикілжіңді сыртқа білдірмей, бар ауыртпашылықты бір өзі көтеріп жүрген әйел қаншама. Себебі «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деген дала заңын берік ұстанған біздер үшін отбасындағы кикілжіңді елге жариялау ұят саналады. Сондықтан әлі күнге дейін әр күнін түңілумен, өмірін ар-палыспен өткізіп жүрген әйелдер бар. Олардың мәселесін бірі білсе, енді бірі білмейді.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, күн сайын әлемде 137 әйел жақын туыстарының қолынан қаза табады. Сондықтан әлем бойынша әйел мәселесіне немқұрайлы қарамау керегін айтып, дабыл қағуда. Қазақстандағы БҰҰ Әйелдер құрылымының тұ-рақты өкілі Мария Доценконың айтуынша, әлемде әр үшінші әйел зорлық-зомбылыққа ұшырайды екен. Бірақ оның тек 40 проценті ғана өкілетті органдардан көмек сұрайтын көрінеді. Әсіресе Covid-19 пандемиясы кезінде тұрмыстық зомбылық туралы шағымданған қазақстандықтардың үлесі 25 процентке өскен. Елімізде 2021 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша 48 әйел қаза тапты. Ал 300 әйел тұрмыстық келеңсіздік салдарынан жарақат алған. Осы кезеңде түрлі зорлық-зомбылықтан барлығы 1644 қыз бала мен әйел зардап шеккен.

Қазіргі кезде әлеуметтік желілерге отбасындағы қиындығымен бөлісіп, кеңес сұрайтын қыз-келіншектер қатары артқан. Жақында жас келіншектің көпшіліктен кеңес сұраған хатын оқыдым. Айтуынша, күйеуі себепсіз жиі ұратын көрінеді. Отау құрғандарына небәрі 2 жыл болған. Арада жасқа толмаған ұлдары бар. Десе де сыныққа сылтау іздеп, қит етсе жұдырығын ала жүгіретін жолдасынан қорқады екен. Тіпті күйеуі қақаған қыста қолындағы сәбиімен далаға қуып шыққан. Мұндайда төркінін паналаған келіншек артынша өз үйіне қайта оралады. Бірақ көрген күні сол баяғысынша. Ажырасайын десе, қызын жетім еткісі келмейді. Оған қоса ағайын-туыстың алдында қайтып келген қыз атану – салтымызға жат дүние.

Өкінішке орай бүгінде мұндай екұдай күй кешкен жандар көп. Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген бала қандай тәрбие алады?

Бүгінде аймақта өмірдің қиын жағдайына тап болған, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандарына арнаулы әлеуметтік көмек көрсететін «Қамқорлық» дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Олар уақытша баспанамен қамтып, психологиялық, меди-циналық, заң тұрғысында әйелдерге қолдау көрсетеді.

– Орталық Сыр өңірінің қыз-келіншектеріне 11 жылдан бері қызмет көрсетіп келеді. Ал 2017 жылдан бастап, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жүзеге асуда. Орталықтан жылына 300-ден астам аналар мен балалар қызмет алады. Олар түрлі жағдаймен келеді. Бірі өмірдің қиын жағдайына тап болса, енді бірі зорлық-зомбылыққа ұшыраған, соның салдарынан зардап шеккен отбасылар. Бізге келушілердің 90 проценті «отбасыма қайта оралмаймын» деп келеді. Жаңа өмір бастауға бел шешеді. Әрине, оларға 6 ай бойы жан-жақты әлеуметтік, психологиялық, медициналық көмек көрсетіп, тағдырлас отбасыларды, болған жағдайларды түсіндіріп, мүмкіндігінше отбасын сақтап қалуға күш саламыз. «Қамқорлық» дағдарыс орталығында ана мен балалар өз үйінде жүргендей сезіну үшін барлық жағдай жасалған. Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Өмірде бәрі керемет болуы мүмкін емес. Бірақ соңғы жылдары отбасындағы теперіштен шаршаған әйелдердің мәселесі артып келеді, – деді «Қамқорлық» дағдарыс орталығының басшысы Жандос Тұсмағамбетов.

Бүгінде әйелге көрсетілген зомбылық тұрмыстық күш көрсетуден бастау алуда. Бұл жай ғана құқық бұзушылық емес, қылмыс саналады. Сондықтан оларға күш көрсету бойынша заңда арнайы бап бар. Соның ізімен жәбір көрсеткендерге жаза қолданылады.

Қалай десек те, әйелді жәбірлеу – әлсіз бен әдепсіздің ісі екенін ұмытпаған жөн. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген дана халықтың ұрпағы әлеуметтік ахуалды желеу етіп, ұрпағының болашағына балта шаппаса дейміз.

Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: