Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 21:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Шыны зауытының жыры қашан бітеді?

01.05.2021

2235 0

2012 жылы басталған шыны зауытының құрылысы созылып кетті. Жыл сайын «биыл шыны зауыты ашылады» делінгенмен құрылысы аяқталар емес. Басталғалы басынан «проблема» арылмаған шыны зауыты биыл іске қосыла ма? Зауытты ел игілігіне беру үшін не кедергі болып тұр?

Бейсенбіде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, қала басшысы Ғанибек Қазантаев Қызылордадағы «Табақ шыны өндіру және өңдеу» зауытына барып, жүріп жатқан құрылыс жұмыстарын бақылап қайтты. «Orda Glass Ltd» серіктестігі жетекшілік ететін зауыт құрылысының 80 проценттен астамы аяқталған. Енді қалғаны балқыту ваннасы мен пештің жабдықтарын орнату. Бұл жұмыстарды аяқтау үшін жоғары білікті инженерлердің көмегі керек. Ал ондай мамандар өкінішке орай, біздің елден табылмапты. Шетелден шақырту қажет. Бұл жұмыстарды соңына жеткізу үшін техникалық ерекшеліктер 4 ай және +10°С-тан жоғары жылы режим жағдайын қажет етеді екен.

Бүгінгі күнге дейін облыс әкімдігі сыртқы инженерлік инфрақұрылымды жеткізу жұмыстарын орындаған. Яғни, зауытқа газ құбырының екі тармағы және сумен жабдықтау, электр желісі, автожол мен байланыс жұмыстары жүргізілген. Темір жол тұйығының құрылысы да жақын арада аяқталады деп күтілуде.

Зауыттың жайын біліп қайтқан облыс басшысы «Табақ шыны өндіру және өңдеу зауытын салу» жобасын жүзеге асыру мәселелері жөніндегі селек­торлық жиынға қатысты. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов төрағалық еткен жиында аймақ басшысы шыны зауытының құрылысы турасында атқарылған жұ­мыстарды баяндады.

Селекторлық басқосуда  «Orda Glass Ltd» ЖШС басқарма төрағасы Ержан Сағымбаев атқарылған жұмыстар туралы есеп берді және министрден көмек сұрады. Атап айтқанда басқарма төрағасы биыл зауытты уақытылы іске қосу үшін Бейбіт Атамқұловтан ҚР СІМ арқылы қажетті жабдықтарды елімізге әкелуге рұқсат алуға жәрдем керек екенін айтты. Бұл өтінішке министр қолдау білдіретінін жеткізді. Жиын соңында облыс әкімі шыны зауытының құрылысы тікелей өз бақылауында болатынын айтты.

Қысқасы түйіні көп түйткілді мәселенің шешімін табатындар табылған секілді. Жұртшылық бұл зауытты басқа емес дәл қазіргі әкім іске қосады деп сеніп отыр. Бастысы, министрлікке айтылған өтініш аяқ асты қалмаса…

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: