Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Ұлы Отан соғысының ардагері Тілеуберген Тобабергеновтің үйіне барып, ақсақалдың хал-жағдайын біліп қана қоймай жаңа пәтер табыстады. Бұл туралы aqmeshit-aptalygy.kz ақпарат агенттігі Қызылорда облысының әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Аймақ басшысы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаевпен бірге абыз ақсақалды 100 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, Сыр жұртшылығы атынан 3 бөлмелі пәтер сертификатын табыстады. Жаңа баспана Қазалы ауданында салынған екі пәтерлі үйлерден берілді.
Майдангер өзіне көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, береке-бірлік бар жерде ғана істің алға басатынын айтты. Ел азаматтарына ақ батасын берді.
Ғасыр жасаған қарт Тілеуберген Тобабергенұлы Қазалы ауданының №2 ауылдық кеңесіне қарасты Жамбыл колхозында 1924 жылы дүниеге келген. 1942 жылы майданға алынып, 291-атқыштар полкі құрамына жіберілген. Беларусьті, Польшаны, Чехословакияны, Калининград қаласын жаудан азат етуге қатысқан. Бас қолбасшының «Алғыс хатын» алып, «Кенигсберг қаласын азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!