Сырбойылық майдангер Әбдірауық Сатыбалдиев 1925 жылы Қармақшы ауданында дүниеге келген. 1943 жылы Саратов қаласындағы командирлер дайындайтын 3 айлық курсқа қабылданып, сержант шенін алып шыққаннан кейін №361-ші дивизия құрамында Ленинград қаласын азат етуге қатысады. Соғыс аяқталған соң, Мәскеу университетінің статистика факультетіне сырттай оқуға түсіп, экономист мамандығын алады. 37 жыл Қармақшы аудандық статистика басқармасында басшылық қызметте абыройлы еңбек етеді.
Облыстағы он бір майдангердің бірі
Екінші дүниежүзілік соғыс. Естіген құлаққа түрпідей тиеді. Талай отбасының отын өшіріп, өшпес дақ түсірді. Әкесіз бала өсті. Соларға сүйеніш болып азаматтың артында аңырап жесірі қалды. Аза бойыңды қаза қылатын қасіретті жылдар жылнамасы тарих бедерінде қатталып қала берді.
Кеңес үкіметі құрамында біріккен одақтас республиканың бірі – Қазақстан. Мылтық ұстай алатын азаматтың барлығы майдан даласына аттанған аласапыран уақыт ұрпақ жадынан ұмыт қалмақ емес.
Қарша бораған оқ пен оттың ортасында Отан үшін жаумен арпалысқан арыстан жүректі азаматтар бүгінде қазыналы қарияға айналып отыр. Олардың ел үшін жасаған ерліктері қандай құрметке де лайықты.
Бір өкініштісі, бүгінде майдангерлер қатары сиреп келеді. Облыс бойынша 11 ардагер, қала бойынша 5 ардагер ғана Ұлы жеңістің 76 жылдығына жетіп отыр. Солардың бірі 96 жастағы қала тұрғыны Әбдірауық Сатыбалдиев.
Ленинград шайқасы
– Сол бір қаһарлы күннің күркірі әлі күнге көзалдымда қаттаулы. Сұм соғыс басталған уақытта майдан шебіне аттануға бел будым. Әскери комиссариатқа барып өзім сұрандым. Себебі мен үшін Отанды қорғау азаматтың бұлжымас парызы болып табылады. Отбасымды жасы келген қарт әкем мен ағама табыстап, өзім қатарлы азаматтармен бұрын естіп көрмеген елдің шетіне аттанып кете бардым.
Қыс мезгілі болатын. Волга өзенінен Саратов қаласына келгенде қар қалың еді. Алдымызда 12 қатар эшелон тізіліп тұр. Бұл – Қиыр Шығыстан соғысқа бара жатқан солдаттар. Біз осы жерде іріктеліп, мен 3 айлық курсқа кетіп, оны бітірісімен қайтадан эшелонға мініп, Ленинград қаласына келдім. Онда 76-артиллерияның бір бөлімшесіне командир болып Ленинградты қорғадым. Бұл менің қан майданға алғаш араласуым болатын. Жер үшін сұм соғыстың жанқиярлық ащы даусы құлағымызды бітеп тастады. Сұрапыл соғыста бастан жарақат алып, үш жерден операция жасады. Бір жарым айдай госпитальда емделіп, 1944 жылы ұрыс даласына қайта кірістім. Ол жерде 358-дивизия құрамында болып, үлкен шабуылдарға қатыстым, – дейді қарт майдангер өткен шағын күрсіне еске алып.
Иә, майдан даласындағы ерлік істері бәлкім бүгінгі жас буынға ертегі көрінетін болар. Алайда олар үшін санада өшпес сызат салған жүрек жарасы екенін естен шығаруға болмайды. Ол кісілер – тірі тарих.
Әскердегі Әбдірауық
Әбдірауық Сатыбалдиев 1925 жылы Қармақшы ауданы, Бозарқаш елді мекенінде қарапайым шаруа отбасында дүниеге келді. Бидайкөл ауылында білім алып, ағасының қолында тәрбиеленеді. 6-8 сыныптарды Бозарқаш ұжымшарында оқып, 9 сыныпты Бестам мектебінде жалғастырды. Бұл бозбала шақ болатын. Алайда ауыл арасында асыр салып ойнайтын кезде қолына қару алып ел шетіне аттанып, сарбаз болып сапқа тұрды. Сол кездегі барлық балалардың тыныштығын тәрк еткен сұм соғыс талай тағдырды тәлкекке ұшыратқан еді. Жасқұрақтай желкілдеген жігіттер мұз жастанып, қар жамылды. Отан қорғау үшін отбасынан жырақта жүрді. Қажыды, қиналды, күрсінді, күңіренді. Алайда қанша азап көрсе де атамекенін азат етуге семсер сүйіп, серт берді.
Әскер қатарына алынған Ә.Сатыбалдиев алдымен Саратов қаласында командирлер даярлайтын 3 айлық жеделдетілген курста тәжірибе жинақтады. Бұл жерде зеңбіректі қалай басқару керектігі жөнінде жан-жақты оқып үйренді. Содан қызыл жалын шарпыған майдан даласына келіп кіреді.
Майдан шебінде жүріп Воронеж, одан әрі Балтық бойы, Латвия, Эстония, Литва, Молдавия жерлерін жаудан босатуға атсалысады. Бұл кезде атты әскер кавалериясының құрамында болған ол осы жерде аға сержант шенін алады. Мұнан соң 1945 жылы Воронеж облысы, Острогожен қаласына келеді. Осы жерде судан атпен өту, қару-жарақты пайдалану тәсілдерін толыққанды меңгереді. Жеңіс туының желбірегенін Ригада қаласында жүріп естиді. Германиямен болған соғыс аяқталғасын кеңес әскерлері Моңғолия жерін жапондардан азат етуге қатысады. Ол жердегі соғыс аяқталған соң кейіпкеріміз Ташкентке келеді. Бұл жерде бір жыл тұрып, келесі жылы шілде айында Түркіменстан Республикасының Кушка, Термез арқылы Ашхабадқа келіп орналасады. Осында жүргенде жер сілкінісі орын алып, қиын кезеңді бастан өткереді. Содан елге 1949 жылы оралды.
Туған жерін түлеткен
Майдангер елге келісімен ауыл халқының тұрмысын түзетуге атсалысты. Аудандық атқару комитетінеде болып, комитет төрағасының қолдауымен депутаттыққа өтеді. Жауапкершілігі мол жұмысты үлкен ыждағаттылықпен атқарды. Сонымен қатар колхоздарды ірілендіру жұмысына да қатысып, қосымша жастар мектебіне түсіп, аттестат алады. Мұнымен тоқтап қалмай, Мәскеу университетінің статистика факультетіне сырттай оқуға түсіп, экономист мамандығын алады. 37 жыл Қармақшы аудандық статистика басқармасын басқарды.
Жүк машиналарымен ауыл араладық
«Аудандық статистика басқармасын басқарған жылдары талай істер атқарылды. Оның бағасын ел береді. Жүк машиналары арқылы ауылдарды араладық. Алайда қанша қиын болсада жұмыстан себепсіз қалу, кешігу деген менде мүлдем болмайтын. 1960 жылдан бастап елде жағдай жақсара бастады. Менің жастарға айтар кеңесім, адалдық пен әділдік адамды шыңға шығарады. Жалған сөйлеу жарға жығады. Білімді мыңды жығатынын естен шығармаңдар. Тәуелсіз еліміздің ертең нұрлы бола түседі. Мен соған бек сенімдімін және тілекшімін, – деді Әбдірауық ата бізбен әңгімесінде.
Майдангер марапаты
Иә, соғыс кезіндегі де, бейбіт өмірдегі де еңбегі елеусіз қалмады. Майданда көрсеткен ерлігі үшін Ұлы Отан соғысының І және ІІ дәрежелі орденімен марапатталды. Сонымен бірге майдангердің кеудесінде 30-ға жуық медал жарқырап тұр. Бұл Отан үшін кеудесін оққа тосқан ердің жүрегіне жылылық беріп тұрғандай. Оған қосы екі мәрте «ССРО статистика үздігі» белгісі мен көптеген дипломдарды қосыңыз. Қармақшы ауданының «Құрметті азаматы» атану да ардагерге көрсетілген құрметтің бір парасы болатын.
Биыл ардагер ата жеңістің жетпіс алтыншы көктемін көруде. Елдің даму дәуірі көз алдында қалыптасқанын айтып, қуаныштан тамған жасын сығып-сығып алды. Тоқсан алтының төріне тұрақтаған қария әлі де тың көрінеді. Тек ырыққа көнбей тұрған қарттық қана секілді.
Р.S. Ол кісілердің Отансүйгіштік қасиеті әскерге барудан жалтарып жүрген жігіттерге өшпес өнеге. Мақаланы ақын Нұрмат Мансұрдың сөзімен қорытындыласақ, «Отанды қалай сүю керектігін, олар ешбір кітаптан оқыған жоқ».
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!