Қазақстан Республикасында сот жүйесін жаңғырту бағытында соңғы жылдары ауқымды жұмыстар атқарылуда. Солардың ішінде азаматтар үшін сотқа жүгінуді жеңілдетіп, процестердің ашықтығын қамтамасыз ететін маңызды жаңалықтың бірі – «Сот кабинеті» ақпараттық сервисі. Бұл электронды портал «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында енгізіліп, бүгінде сот ісін жүргізудің тиімділігін арттыруда айрықша рөл атқарып келеді.
«Сот кабинеті» – бұл азаматтар мен заңды тұлғалардың сотқа өтініш, талап-арыз, шағым және басқа да процессуалдық құжаттарды қашықтан, яғни электронды түрде беруіне мүмкіндік беретін бірыңғай портал. Платформа тәулік бойы жұмыс істейді және еліміздің кез келген өңірінен қолжетімді.
Азаматтар үшін бұл сервистің басты артықшылығы – уақыт үнемділігі мен процестің ашықтығы. Бұрын сотқа талап-арыз беру үшін міндетті түрде сот ғимаратына барып, ұзақ кезекке тұру қажет болса, қазір бірнеше минут ішінде қажетті құжаттарды онлайн тапсыруға болады. Сонымен қатар, пайдаланушылар өз істерінің қозғалысын бақылап, сот отырыстарының күнін, шешімдер мен қаулыларды уақытылы көре алады.
«Сот кабинеті» ақпараттық сервисінің қызметі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексі, Азаматтық процестік кодексі, сондай-ақ «Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі» мен «Қазақстан Республикасындағы сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңына сәйкес жүзеге асырылады. Осылайша, электронды сот төрелігі еліміздің құқықтық жүйесінде заңнамалық тұрғыдан бекітілген.
Сонымен қатар, «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы» заңына сәйкес, порталға енгізілген әрбір құжаттың заңдық күші бар. Яғни, азаматтардың электронды түрде жіберген талап-арызы немесе өтініші қағаз жүзіндегі нұсқамен тең дәрежеде қаралады.
«Сот кабинеті» мынадай негізгі функцияларды қамтиды:
талап-арыздар мен өтініштерді электронды түрде жолдау;
мемлекеттік бажды онлайн төлеу;
сот актілерін, сот отырыстарының күнтізбесін көру;
сот құжаттарының электронды көшірмелерін алу;
шағымдарды тіркеу және олардың мәртебесін бақылау.
Бұл функциялар сот төрелігін жүзеге асыруда ашықтық пен жеделдікті қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, сервис мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын жеңілдетіп, құжат айналымын қысқартады.
«Сот кабинеті» тек қана уақытты үнемдеумен шектелмейді. Ол азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға, ақпаратқа қолжетімділігін кеңейтуге ықпал етеді. Қарапайым халықтың сот жүйесіне деген сенімін күшейтуде де оның маңызы зор. Өйткені әрбір азамат сот процесіне қатысушы ретінде өз ісінің қалай қаралып жатқанын онлайн бақылап, дер кезінде ақпарат ала алады.
Сонымен қатар, бұл сервис ауылдық елді мекендердегі тұрғындар үшін де үлкен мүмкіндік берді. Қазір интернет арқылы елдің шалғай жеріндегі азаматтар да сотқа жүгініп, заңды құқықтарын қорғай алады.
«Сот кабинеті» – сот жүйесін цифрландырудағы маңызды қадамдардың бірі. Ол сот төрелігінің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, халықтың құқықтық санасын көтеруге, ашықтық пен сенімділікті нығайтуға бағытталған.
Бүгінде бұл сервис Қазақстанның сот жүйесін әлемдік тәжірибеге жақындатып, электронды сот төрелігінің жаңа кезеңін қалыптастырып отыр. Алдағы уақытта «Сот кабинеті» мүмкіндіктерін жетілдіру азаматтардың құқықтарын қорғауды одан әрі тиімді етуге ықпал ететіні сөзсіз.
Ердәулет Бақытжан, Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының жетекші маманы |
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!