Бүгінде сот жүйесі заманауи технологиялармен қарқынды дамып келеді. Соның жарқын мысалы – «Сот кабинеті» сервисі. Бұл – сот ісін жүргізу процесіне ақпараттық технологияларды енгізу арқылы халыққа сот төрелігінің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының бастамасы.
Қызметтің басты артықшылықтары
«Сот кабинеті» азаматтарға, олардың өкілдері – адвокаттар мен заңгерлерге кез келген ыңғайлы уақытта, үйден немесе кеңседен шықпай-ақ, интернет арқылы сот құжаттарын жолдауға және сот актілерін басып шығаруға мүмкіндік береді.
Сервис арқылы:
• талап-арыз, шағым, өтініш беру;
• мемлекеттік бажды онлайн төлеу;
• сот ісіне қатысты барлық құжаттардың қозғалысын бақылау;
• сот актілерінің көшірмесін алу;
• қарсы талап арыз, пікір, сот хаттамасына ескерту жіберу;
•атқару парағын немесе оның телнұсқасын сұрату
сияқты іс-әрекеттерді жүзеге асыруға болады.
Бұл қызметті пайдалану үшін азамат Халыққа қызмет көрсету орталығынан электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алуы тиіс.
Жылдамдық пен қолжетімділік
«Сот кабинеті» – сот өндірісінің жеделдігі мен тиімділігін арттыратын құрал.
Сотқа арыз берген азамат бірден электронды талон алады, ал бірнеше күннен соң ұялы телефонына ісі бойынша сот құжаты дайын болғаны жөнінде хабарлама келеді. Бұл – бұрынғыдай сот ғимаратына барып, кезек күтіп, уақыт пен қаражат шығындау қажеттілігін жояды.
Халық үшін тиімді шешім
Сервис тек құжат алмасуды жеңілдетіп қана қоймай, сот жүйесінің ашықтығын арттырады. Сондай-ақ, ол сотпен қарым-қатынасты жеделдетіп, азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауға жол ашады.
Қорытындылай келе, «Сот кабинеті» – уақыт үнемдеу мен ыңғайлылықты қатар ұсынатын, сот төрелігін заманауи деңгейге көтерген маңызды қадам.
Нургул Асылбекова, Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының бас маман-сот отырысының хатшысы |
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!