ҚАЖД №60 мекемесінде Қызылорда қалалық жалпы білім беретін кешкі мектеппен бірлесе отырып, «Абай Құнанбайұлына 180 жыл» мерекесі аясында сотталушылар арасында мәдени-танымдық шара өтті.
Абайдың қара сөздері, өлеңдері адамзат біткеннің рухани азығына айналғалы екі ғасырға да таяп қалыпты. Абайдың еңбектері бүгінде тәрбие ісінде үлкен мәнге ие. Тазалыққа жаны құмар, адамгершілікті алға қойып, әділеттің туын биік ұстаған «Қара сөз» жинағы әдеп пен арды ойлаған әрбір қазақтың бүгінде қолынан табылады. Айта берсең күллі әлемді бір өлеңімен түзеткен Абайдың мұралары таусылмас. Бүгінгі таңда Абай рухы қайта жаңғырып, тарихтар ақтарылып, қазақ Абайды кеңінен танудамыз.
Түзету мекемесіндегі жазасын өтеушілер үшін Абай туындылары өзгеру мен тәрбиелеудің құралы. Осындай мақсатпен сотталушылар арасында Ұлы Абай дәріптелді. Абай шығармашылығында мұндағы азаматтар үшін: өкініш толы жанарға ертеңгі күнге деген үмітті жағу, өмірге деген көзқарасын өзгерту, жүрек тыныштығы мен еңбектің құдіретін түсіндерер тағылым көп. Қандай жағдайға болмасын айтқаны сай келетін, Абайдың жазған құндылықтарына қарай табиғатының даралығына таңдай қағасың. Абайтану мен тәрбие бағытын қатар ұсынғанда, берген білім жемісті болмақ.
Мекемеде жазасын өтеушілер де Абай және оның өмірі мен шығармашылығы тақырыбында кеңінен диалог құрды. Шара барысында кеңінен танылған өлеңдерін жатқа айтып, «Көзімнің қарасы» әнін шырқады. Белсенділік көрсеткен сотталушылар марапатқа ие болды. Абай тек бір күн дәріптелумен шектелмеу керек!
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!