Қоғамда құқықтық тәртіп пен әділеттілікті қамтамасыз етуде сот жүйесінің рөлі айрықша. Халықтың сотқа деген сенімі – мемлекетке деген сенімнің бір көрінісі. Сондықтан да соттың әділдігімен қатар, оның ашықтығы мен қолжетімділігі, сот қызметкерлерінің жауапкершілігі мен кәсіби әдебі – соттың оң имиджін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Сот жүйесінің құрамындағы әрбір маман – судья болсын, кеңсе қызметкері, сот отырысы хатшысы немесе техникалық қызметкер болсын – осы имидждің бір бөлігі. Себебі азаматтар алдымен сот ғимаратына келіп, осы қызметкерлермен жүздеседі, кеңес алады, құжат тапсырады. Осы тұрғыдан алғанда, сот отырысы хатшысы да – сот пен халық арасындағы байланыстырушы көпірдің бірі.
Сот отырысы хатшысы ретінде менің басты міндетім – сот процесінің ресми тәртібін сақтап, тараптардың тең құқықтылығын қамтамасыз етіп, барлық іс жүргізу әрекеттерін нақты әрі толық тіркеу. Сонымен бірге, отырысқа келген азаматтарға сыпайы қарым-қатынас танытып, оларды дұрыс бағыттап, сот тәртібін сақтауына көмектесу – күнделікті қызметімнің маңызды бөлігі.
Сот жүйесінің беделіне теріс әсер ететін факторлардың бірі – сот процесіне қатысушылардың тарапынан түсінбеушілік, қате пікір қалыптасуы. Мұндай жағдай көбінесе соттың ашықтығы мен қолжетімділігі дұрыс түсіндірілмегенде пайда болады. Сондықтан, біз – сот қызметкерлері – халықпен қарым-қатынаста мәдениетті, сабырлы, кәсіби деңгейде болуға тиіспіз. Бұл – соттың оң бейнесін қалыптастыратын нақты әрекеттер.
Қызылорда қалалық сотында бүгінде соттың оң имиджін арттыру бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда,
– азаматтарды сапалы құқықтық ақпаратпен қамтамасыз ету,
– сот процестерінің ашықтығын сақтау,
– сот қызметкерлерінің этикасы мен тәртібіне назар аудару,
– әлеуметтік желілер арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізу сияқты шаралар тұрақты түрде жүзеге асырылады.
Әрине, соттың оң бейнесі – бір ғана науқандық жұмыс емес, ол – күнделікті, үздіксіз қызметтің нәтижесі. Бұл жолда әр қызметкер өз жұмысына адал, жауапты қарап, кәсібилігін үнемі арттырып отыруы тиіс. Сот жүйесінің беделі – тек судьялардың ғана емес, біз секілді аппарат қызметкерлерінің де ұқыптылығы мен адамгершілік келбетіне тікелей байланысты.
Қорытындылай келе, соттың оң имиджі – бұл халықтың әділеттілікке деген сенімінің кепілі. Сондықтан әрбір сот қызметкері өз жұмысын адал атқарып, қоғаммен дұрыс байланыс орнатып, соттың беделін арттыруға өзіндік үлесін қосуы қажет. Бұл – заң алдындағы адал қызметтің, ел алдындағы парыздың айғағы.
Ж.Байменова,
Қызылорда қалалық сотының сот отырысы хатшысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!