Қазақстанда құрастырылған жаңа Stadler жолаушылар вагондары елдің әртүрлі өңірлеріндегі күрделі климаттық сынақтардан табысты өтті. Заманауи пойыздар -30°C суықта да, аптап ыстықта да сенімді жұмыс істей алатынын дәлелдеп, қазақстандық теміржол жүйесіне бейімделгенін көрсетті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ мәліметінше, вагондар сынақ кезінде жалпы ұзындығы 10 мың шақырымнан астам бағыттармен жүріп өтті. Маршруттар Қарағанды, Тараз, Шымкент және Өскемен қалаларын қамтыды. Тест нәтижелері вагондардың тежегіш жүйелерінің сенімділігін, климаттық жабдықтардың тұрақтылығын және әртүрлі температуралық режимдерге бейімделуін растады.
Сынақтар кезінде сыртта ауа температурасы сыртта -10°C және одан да төмен болғанына қарамастан, вагон ішінде +22°C деңгейінде тұрақты сақталған.
Жаңа Stadler пойыздарының алғашқы рейстері 2026 жылдың қаңтар айында іске қосылмақ. Олар «Нұрлы жол – Алматы-2» және «Нұрлы жол – Семей» бағыттарында қатынайды.
2025 жылдың соңына дейін барлығы 51 жаңа вагон пайдалануға беріледі. Оның ішінде 21 купе, 21 плацкарт, 3 штабтық және 6 вагон-электростанция бар.
Жолаушылардың жайлылығы басты назарда: әр купе жеке климат-бақылау жүйесімен, розеткалармен және USB-порттармен, сондай-ақ жолсерікті шақыру жүйесімен жабдықталған. Көру қабілеті шектеулі жолаушылар үшін де белгілер қарастырылған.
Вагондардың конструкциясы елдің оңтүстігіндегі ыстық климатқа да, солтүстіктегі суыққа да төтеп беруге арналған. Әрбір вагонның қызмет ету мерзімі 40 жылға дейін, ал техникалық қызмет көрсету кезеңі 20 жыл деп белгіленген.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
