Жұма, 27 желтоқсан, 17:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

«Startup joly» инкубациялық бағдарламасы басталады

02.08.2023

847 0

Сыр елінде инновациялық жобаларды дамыту мен инвестиция тартуға көмек беретін, IT бойынша кадрлар даярлау және тегін білім берумен айналысатын Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторының өңірлік орталық ретінде ашылғанына 4 ай болды. Сәйкесінше, орталық жастар арасында грант жариялап, түрлі байқаулар ұйымдастырды. Бұдан бөлек, инкубациялық кезең де басталғалы жатыр. Бұл туралы Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторының басшысы Жанарыс Тубекбаев мәлімдеді.

− Аймақ пен ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосуға қабілетті бизнес-қоғамдастықты қалыптастыру мақсатында «Startup Joly» инкубациялық бағдарламасын ұйымдастырудамыз. Startup Joly бағдарламасының мақсаты − инновациялық стартаптар мен кәсіпкерлік бастамаларды қажетті ресурстармен, біліммен және қолдаумен қамтамасыз ету, кәсіпкерліктің әртүрлі аспектілері, соның ішінде идея, маркетинг, сату, қаржы және құқықтық мәселелер бойынша дағдыларды арттыру, инновация, технология және кәсіпкерлік саласындағы халықаралық аренада аймақ пен елдің бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыру болып табылады, − деді Жанарыс Алтынбекұлы.

«Startup Joly» бағдарламасы 14-ші тамызда басталады. Қатысушыларға идеядан бастап инвестиция тартуға дейін жан-жақты қолдауды ұсынатын бағдарлама екі кезеңнен тұрады. Қатысушылар үшін 16 шеберлік сабағы, 80 семинар мен 50 жеке кездесу ұйымдастырылмақ. Инкубациялық кезең барысында «Стартап деген не? Стартаптың даму кезеңдері» тақырыбынан бастап «Маркетинг», «СММ», «Нарықты зерттеу», «Қаржылық есеп және жобалық бюджет» тақырыптары бойынша қозғалады. Бағдарламаның бас серіктестері: Цифрлық даму, инновациялар мен аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, «QazInnovations» инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі, «Astana Hub» халықаралық технопаркі, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті. Серіктестер: Қызылорда облысының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Ақпараттық технологиялар орталығы».

− Инкубациялық кезеңді сәтті аяқтаған қатысушыларға арнайы сертификат табысталады. Нәтижесінде, «QazInnovations» инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігінің» 100 млн теңгеге дейінгі гранттық қаржыландыру бағдарламасына қатыса алады, – деді Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Рекрутинг және мансап басқармасының басшысы Жандос Оразмаханов.

Айта кетейік, бағдарламаның жүлде қоры 2 млн теңгені құрайды. Инкубациялық кезеңнің нәтижелі аяқталуы үшін Demo Day ұйымдастырылады. Бұл шара барысында қатысушылар бағдарламада үйренген білімдерін көрсетіп, инвесторлар алдында жобаларын таныстырады. Бағдарламаға қатысам деушілер өтінімдерін онлайн түрде www.kyzylordahub.kz сайтында бере алады.

Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: