Облыста жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4 пайыз деңгейінде тұрақтады. Президент Жолдауы аясында 2023 жылы 6 мыңға жуық жастар жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ, жастардың өз кәсібін ашуына жәрдемдесу мақсатында жылдық өсімі 2,5 пайызды құрайтын шағын несие беріледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Дәулетбаева мәлімдеді.
– Биылғы жылдың өзгерістеріне байланысты «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқу курстарына 9189 адам оқуға қатысып, бизнес жобаларын сәтті қорғап, 7045 адам сертификат алды. Бұл азаматтар жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға берілетін мемлекеттік гранттаға қатысуға мүмкіндіктері бар. Биыл жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға берілетін мемлекеттік гранттар көлемі 200-ден 400 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды. 2022 жылы жалпы 3437 адамға беру жоспарланса, оның 1468-і – жастардың үлесінде. Бүгінгі күнге аудандық және қалалық деңгейдегі грант мәселесі жөніндегі комиссия іріктеуінен өткізілуде. Грантқа құжат тапсыру электронды түрде болғандықтан, дерекқор арқылы 3 топқа бөлінген. Бүгінде екінші науқан аяқталуда, – деді Ж.Жұмабекқызы.
Айта кетейік, мемлекет басшысының Жолдауында айтылған «Отбасының цифрлық картасы» «Әлеуметтік кодекс» жобасы аясында 1 қыркүйектен бастап пилоттық режимде іске қосылған. Тұрғындарға жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша жаңа форматта қызметтер алу мүмкіндігі ұсынылуда. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан «Күміс жас», «Ұрпақтар келісім шарты», «Бастау бизнес» жобалары бойынша жұмыстар жалғасуда.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!