Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Бейбіт күннің батыры

10.12.2024

95 0

Фархад Тәжиев – бейбіт күннің батыры. Қиындыққа тап болған адамдарды құтқару жолында өз өмірін бәйгеге тігіп жүрген ол – Өрт сөндіру кезекші қызметінің жедел кезекшісі, һәм азаматтық қорғау майоры. «Мен үшін ғана емес, кез келген өрт сөндіруші үшін адам өмірі бірінші орында тұрады» дейді. Оның өмірлік ұстанымы да – елге қызмет ету.

Кезекшілік уақытында тәуліктік ауысымға түсіп, өрт сөндіру бөлімдерінің дабыл бойынша шығыстарын бақылап, басшылық жасайтын ол өрт сөндірушілердің біліктілігін арттырып, жетекшілік етеді.

2024 жылдың 12 қаңтары еді… Түн мезгілінде Қызылорда қаласы Тасбөгет кентіндегі екіқабатты көппәтерлі тұрғын үйде өрт оқиғасы бойынша шақырту түсті. Барлау жұмыстарын жүргізу барысында подъезді қою қара түтін басқаны анықталды. Фархат өзі жетекшілік жасап, өрттен анасын және екі сәбиін қызыл жалын арасынан алып шығып, тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарған. Жұмысты жедел әрі тиімді ұйымдастыру нәтижесінде өрт оқиғасының таралуына жол бермеген.

Фархат Тәжиев ауысым сайын түрлі оқиғалардың басы-қасында жүреді. Ол үшін адам өмірін құтқару маңызды. Биыл 31 тамызда Қызылорда қаласы Тасбөгет кенті Бозғұлов көшесі №5 мекенжайда орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің терезесінен жалын шығып, пәтерде адам бар екені анықталған. Фархат өзі жетекшілік еткен өртте үш баланы анасымен бірге құтқарды. Батылдық көрсетіп, төрт адамның өмірін аман алып қалды. Өрттің әрі қарай өршуіне және басқа пәтерлердегі дүние мүліктердің зақымдалуына жол бермеген аса тәжірбиелі маман екенін тағы бір дәлелдеді.

Еңбек жолын осыдан он жылдай бұрын Байқоңыр қаласындағы №8 өрт сөндіру бөлімінде қарауыл бастығы болып бастаған ол бірқатар жауапты қызметтерді атқарды. Оның алғашқы қатысқан өрті күні кеше болғандай көз алдында. Байқоңыр қаласында орналасқан ауқымды, мыңдаған шаршы метрді қамтитын «Еуразия» сауда орталығында өрт шығып, өртті тиімді өшіру және адам өмірін құтқару мақсатында көмекке барған болатын.

– Өрт сөндірушілер – аса маңызы миссияны орындаушылар. Күніне бірнеше шақырту түседі. Адам өмірін және жануарларды құтқару, газ баллон шығару, бағалы заттарды сақтап қалу секілді күрделі өрт болып жатады. Жаңа қызметіме тағайындалғандағы ең алғашқы қатысқан оқиға кешкі сағат 19.00-ден ертесі күні сағат таңертеңгі 10-ға дейін созылды. Сауда орталығына келген адамдарды қауіпсіз жерге шығардық. Түн демей, күн демей, өртті ауыздықтадық. Ол түн ең ұзақ түн десем де болады. Нағыз арпалыс еді, – дейді өрт сөндіруші.

Азаматтық қорғау саласының қызметкері, өз ісінің шебері Фархат Тәжиев отбасында екі ағайынды. «Баласы атқа шапса, анасы үйде отырып, тақымын қысады» демекші, кезекшілікке түскен күні анасы тілеуін тілейді екен. Фархаттың отбасы да бұл саладан алыс емес. Әпкесі де, жан-жары да өрт сөндіру қызметінде радиотелефонист болып қызмет атқарады. Екі бала тәрбиелеп отырған асқар тау әке – болашақта балаларының таңдауы осы салаға түссе, қолдайтынын және жауапкершілігін түсіндіретінін айтады. «Ел мүддесі үшін қызмет ету, адам өмірін құтқару бұл – абыройлы міндет!» – дейді ол.

Марина САҒИДАТБЕК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: