Қызыорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси бастамалар мен ел дамуына қатысты басым бағыттарды жария етті.
Құрылтай барысында Мемлекет басшысы жылдар бойы жүргізілген жұмыстың нәтижесінде Солтүстік Арал құтқарылғанын айтты.
– Қызылордаға келіп тұрып, Арал мәселесіне тоқталмай кету мүмкін емес. Аралды құтқару – барша адамзат үшін әлі де өте өзекті міндет. Мен бұл мәселе туралы халыққа Жолдауымда айттым. Жылдар бойы жүргізілген жұмыстың арқасында Солтүстік Аралды құтқарып қалдық. Қашқан теңіз қайтып, Кіші Аралдың қалпына келе бастағанына біраз жыл болды. Қазір Көкарал бөгетін биіктету шаралары қолға алынып жатыр. Жоба осы жылдың соңында басталады. Кіші Аралдың суының көлемін айтарлықтай көбейтуге мүмкіндік болады. Бірақ бұл тек біздің қолымызда тұрған мәселе емес. Қазақстандағы ірі өзендердің көбі бастауын көрші мемлекеттерден алады. Дарияның басында тұрған елдердің су саласындағы саясатына байланысты Сырдың суы теңізге әр кезде әртүрлі көлемде жетеді. Демек көп түйткілдің шешімі су саласындағы шебер дипломатияға байланысты. Қазір Орталық Азия елдерінің бәрімен су ресурстарын бірлесе пайдалану туралы келісімдер жасалды. Түптеп келгенде, Арал ғана емес, Каспийдің, Балқаштың, Ертістің тағдырын шешу үшін көршілермен мәмілеге келіп, келісімдерге қол қоюымыз қажет, – деді Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев .

Мемлекет басшысы Кіші Аралдың қалпына келуі бүкіл Сыр елін одан әрі көркейтуге жол ашады деп үміттенетінін айтты.
– Су – еліміз үшін стратегиялық ресурс. Біз су мәселесімен жүйелі түрде айналысуымыз керек. Мен былтыр Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Халықаралық су ұйымын құруды ұсындым. Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау барысында осы мәселені алға қарай жылжытуымыз қажет. Алдағы сәуірде Астанада Халықаралық экология саммиті өтеді. Жиында Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттер басшыларымен Арал мәселесін талқылаймыз. Кіші Аралдың қалпына келуі бүкіл Сыр өңірін одан әрі көркейтуге жол ашады деп үміттенеміз, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Құрылтайда айтылған басты міндеттерді жүзеге асыру үшін бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді.
– Президент атап өткен Арал теңізі мәселелерін ескере отырып, су саласына қатысты тапсырмалар берілді. Су ресурстары министрлігі осы жылдың 30 маусымына дейін Солтүстік Арал теңізін сақтаудың екінші кезеңін дайындауды аяқтап, жыл соңына дейін қаржыландыру мәселесін, оның ішінде халықаралық ұйымдар есебінен қаржыландыруды шешуі қажет, – деді Премьер-министр.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!