Бүгінгі таңда елімізде мемлекеттік қызметке кіруді барынша жеңілдету мақсатында «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурстық іріктеусіз тағайындалу бойынша белгілі нормалар қабылданды. Атап айтқанда, жоғары оқу орындарын мемлекеттік грант есебінен үздік аяқтаған түлектер диплом алғаннан кейін бір жыл ішінде аудандық және ауылдық деңгейдегі «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына заңнамалардан ешқандай тест тапсырмастан конкурстан тыс тағайындала алады.
Осы норма заңды күшіне енген уақыттан бері бүгінгі күнге дейін өңірімізде 15 түлек Қызылорда қаласы мен Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандарындағы аудандық және ауылдық деңгейдегі түрлі атқарушылық лауазымдарға конкурстан тыс тағайындалды.
Жас басқарушылардың өңірлік пулдарын қалыптастыру және өңірлерді дамытуға талантты жастарды тарту мақсатында 2024 жылы Өңірлік кадр резервіне жүргізілген іріктеудің нәтижесімен Қызылорда облысының Өңірлік кадр резервіне алынған 25 кандидаттың 9-ы бүгінгі күнге дейін конкурстық іріктеусіз бос лауазымдарға тағайындалды. Бүгінгі таңда 8 үміткер Өңірлік кадр резервінен бос тұрған орындарға тағайындалса, оның ішінде 3-і басшы лауазымдарға тағайындалды. Тағы
1 үміткер ҚР Президенті Әкімшілігіне шақырту алып, жаңа лауазымға орналасты.
Сонымен қатар, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын үздік бітірген түлектерді оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде еліміздің барлық өңірлеріндегі (Астана қаласын қоспағанда) мемлекеттік органдардағы жекелеген лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тағайындау мүмкіндіктері қарастырылды.
Осы жаңашылдық аясында өңіріміз бойынша 2025 жылы үздік бітірген 7 түлектің 1-і конкурстық іріктеусіз басшылық лауазымға тағайындалды.
Сонымен бірге, бірінші басшылардың жауапкершілігін күшейту мақсатында Агенттіктің келісімі бойынша конкурстық іріктеусіз
«Б» корпусының жоғары лауазымдарына тікелей тағайындау мүмкіндігі берілді.
Осы жаңашылдық аясында жыл басынан бері облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама, дін істері, табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармалары мен Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының,
ҚР Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі басшысы Агенттікпен келісу арқылы конкурстан тыс тағайындалды.
Жоғарыда айтылған заңнамалық нормаларға сәйкес конкурстан тыс қабылданатын кандидаттардың «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын Үлгілік біліктілік талаптарына сәйкес келуі басты шарт болып табылады.
Жасұлан Шынтасов,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері
агенттігінің Қызылорда облысы
бойынша департаментінің басқарма басшысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!