Сәрсенбі, 21 қаңтар, 17:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№5 (2217)
21.01.2026
PDF мұрағаты

Қызылордадағы музей өзге өңірлерге үлгі боларлықтай

21.01.2026

52 0

Суретке түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

Өткен жылы Сырдың сол жағалауынан жаңа тарихи-өлкетану музей ашылғаны белгілі. Мемлекет басшысы Қызылордаға сапарында жаңадан ашылған музейді көрген болатын. Күні кеше өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтағы жаңа музейдің жабдықталуы өзге өңірлерге үлгі боларлықтай екенін атап айтты.

– Музей ісін дамыту – маңызды міндеттің бірі. Осы ретте, Қызылордада ашылған жаңа тарихи-өлкетану музейін ерекше атап өткім келеді. Мен күзде қалаға жұмыс сапарымен келгенде мұражайды аралап көрдім. Заман талабына сай салынған орталықта музей ісін ұйымдастырудың тың тәсілдері қолданылған. Бұл тәжірибені басқа облыстарға үлгі етуге болады, – деді Мемлекет басшысы.

  Облыс орталығындағы жаңа тарихи-өлкетану музейін оқырманға таныстыру үшін арнайы барған едік. Бізге музейдегі әрбір экспонатты, жаңашылдықты таныстырған директордың орынбасары Асхат Сайлау қойнауына талай ғасырлық сырды бүккен Сыр топырағының құпиясын экспонаттар арқылы аша түсті.

– Біздің өңірдегі ең алғашқы дино­завр биіктігі екі метрге, ұзындығы төрт метр­ге жеткен. Аралозавр деп аталады. 1958 жылы Қармақшы ауданының Жосалы кентінің солтүстік-шығысында 80 шақы­рым жердегі Шақшақ шатқалында табыл­ған. Мұның аузында мың тіс болған. Міне, анықтап қарасаңыз болады, – деді Асхат Қожакелдіұлы.

Бір кереметі, сіз қандай бөлімге кір­сеңіз, сол кезеңнің үні шығып, құдды бір әлгі әлемнің бел ортасында жүргендей күй кешесіз. Динозаврлар әлемінде олардың дауысын естідік. Қандай керемет. Бұл дегеніңіз, адамдарға ерекше күй сыйлайтын әдіс екен. Миллиондаған жыл бұрын мекен еткен шөпқоректі динозаврдың жанында тұрқы шағын келген жыртқыштар да экспонаттар көшін бастап тұр.

<strong>Қызылордадағы музей өзге өңірлерге үлгі боларлықтай</strong>

Иә, музей – тек жәдігерлердің орналасатын жері ғана емес, заманауи технологияларды тарихпен ұштастырған инновациялық мәдени кешен. Бұл нысан – өткен мен болашақ арасында көпір сала отырып, руханият пен білімнің ордасына айналды. Цифрлық дамуға да қол жеткізген бүгінгі музейде әйнектің арғы жағында тұрған құнды жәдігердің үстінен баса қалсаңыз, сол әйнектің бетінде қажетті мәлімет шыға келеді. Келушілерге барлық ақпарат қолжетімді.

– Бұл музей – еліміздегі Ұлттық музейден кейінгі орындағы нысан. Заманауи үлгіде салынған мұндай ғимарат, дәл мұндай экспо­наттардың көпшілігі басқа жерлерде кездесе бермейді. Музей қызметкерлерінің еңбегі сіңді. Мұның барлығын жанашырлықпен жасадық, жинақтадық, – дейді Асхат Сайлау.

Музейде көрме залдары өте көп. Әр жәді­гер өзінше сыр шертеді, әрқайсысы өзіндік ерекшеліктерге ие. Келесі залда қолына найза мен қалқан ұстаған, сауыт-сайманды батырларды көрдік. Қазақтың өзге де би-шешендері киген шекпендер мен бөріктер ілулі тұр. Бұлар бізді қазақ хандығының рухымен қауыштырды. Бұл залда әр сауыт – жорықтың, әр семсер – шайқастың куәсі. Ал интерактивті құралдар арқылы біз сол заманның тынысын сезіп, тіпті батырлардың сөзі мен дауысын ести алдық. Шынайы қарулардың сықыры, ат тұяғының дүбірі – бәрі де жүректен-жүрекке жетіп жатты.

Орта ғасырлық «Сығанақ» базарына сапар шектік десем, сенер ме едіңіз?! Музей аралап жүріп, табан астында базар шуына тап болдық. Бөлменің қабырғасына кәдімгі базардағы орын дайындалған. Бөренелерді кесіп, оны бір-біріне арқанмен байлап орнатыпты. Базардың төрінде Сығанақ қаласының макеті орналасқан.

Сығанақ қаласының ежелгі базарының көрі­нісі көз алдымызда. Сатушының дауысы, сау­даның қызған шағы, түйенің қоңырауы, ұста соғып жатқан темірдің үні – бәрі шынайы. Қол­дан жасалған ыдыстар, шекпендер мен зергерлік бұйымдар – қазақ даласының сауда тарихының айқын көрінісі. Бұл – тарихты сезіну емес, оның бір бөлшегі болу еді.

Келесі бөлімге енгенде құлақкесті тыныштық пайда болды. Қазақы үйдің алдында қалың ойға шомған кимешекті әже отыр. Сәл ілгері жүріп едік, домбыра тартып отырған жігіт, арғы жағын­да көкорай шалғында жайылып жүрген қозы-лақ… Біз өз дәуірімізге жақындағандай болдық. Бірақ мұнан кейін олай емес екеніне көз жетті.

Құлағымызға «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп көзілдіріктің астымен Ахмет атамыз қарап тұрғандай болды. Ал енді бірде «Найзаменен түртсе де, жатырсың қазақ оянбай» деп еліне кейіген Сұлтанмахмұтты көрдік. Апырай, ақ-қара түсті эффектімен жандарына отыра кетіп, суретке түссеңіз, сол дәуірдің адамындай бола қаласыз… Қабырғадағы бұл сурет жай сурет емес, алдыңызда сол адамның өзі тұрғандай шынайы бейнеге жақын еді… Жарық астында тұрған суреттер емес, рухтардың үнсіз тілдесуі. Бұл зал – қазақтың санасы мен намысын оятқан тұлғаларға тағзым ету залындай.

Музейде жасанды интеллект жүйелері кеңі­нен қолданылған. Әрбір смарт-витрина өзін­дегі жәдігер туралы ақпаратты бірден көрсетіп, келушілерге тереңірек мәлімет алуға мүмкіндік береді. Ең әсерлі тұстардың бірі – соғыс жылдарындағы жауынгердің бейнесін толық бір қабырғаға орнатқан интерактивті инсталляция. Бұл өткенге саяхат жасап, тарихи тұлғалармен тіл­дес­кендей әсер қалдырады.

– Көп жерде соғыс туралы бейне не болмаса басқа да материалдарда орыс тіліндегі әндер мен музыкалар қолданылады. Біз осы жерде қазақы­лықтың қаймағы бұзылмаған қастерлі өңірде қазақтың үні шырқалуы керек деп шеш­тік. Келген жан осындай әсерде болуы керек. Біз үшін келген қонақтардың бойына ұлттық һәм рухани қуат алып, қазақ екенін мақтан етуі – ең үлкен жетістік. Еңбегіміз де сол көр­сет­кішпен бағаланады, – дейді қазақпын деп соққан жүрегінің түбінен үн қатқан Асхат Қожакелдіұлы.

Музейдегі ерекше жәдігерлерді бір сөзбен айтып тауысу мүмкін емес. Өйткені сан ғасыр­ды өн бойына сыйдырған нысанның қазақ үшін де құны бөлек. Аспанға алғаш жол салған Байқоңырымыз да – мол байлығымыз. Музейде мұндай құнды дүниенің бағасына жетер экспонат та жетерлік. Ғарыш кеңістігі орналасқан бөлімге ене сала біз әп-сәтте жер бетінен көтеріліп, аспан әлеміне еніп кеткендей болдық. Ғарыш пен астрономия залына кіргенде жарық өзгере бастады. Жұлдыздар жарқырайды, бейне бір Күн жүйесінің ішінде жүзіп бара жатқандай күй. Мұнда қазақтың ғарышқа ұмтылған арманы мен Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев тәрізді тұлғалардың ізі жатыр. Бұл – тек көру емес, арманға қол созу еді.

Музейдің төрінде – көздің жауын алатын қос алтын домбыра. Бұл – Мұхтар Ниязов пен Мейірбек Сұлтанханның «Алтын домбырасы». Сыр елінің мақтанышы. Бұл жерде тек темір мен ағаш емес, елдің үні мен жұрттың жыры жатыр.

 Қызылордадағы бұл жаңа музей – жаңаша ойлау мен ұлттық жадымызды жаңғыртуға бағытталған алтын көпір. Мұнда келген адам – тарихты оқымайды, сол тарихтың қойнауында өмір сүреді.

«Ақмешіт-ақпарат»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: