Қазіргі қоғамда мемлекеттің алға қарай ілгерілеп дамуына экономикалық немесе әскери күш қана емес, мемлекеттің діни түсініктерді дұрыс қалыптастыруы да үлкен рөл атқарады. Қазақстан секілді көпұлтты елге зайырлылықты ұстану – озық үлгі.
Зайырлылық – дін мен мемлекеттің бөлінуі, ар-ождан және сенім бостандығы болып табылады.
Зайырлылықтың бірнеше түрлері бар:
Қатаң (классикалық) зайырлылық – дін мен мемлекет бір-бірінен толықтай бөлінген. Мемлекет дінге араласпайды, дін саясатқа ықпал ете алмайды. Бұл үлгіні Франция ұстанады.
Ынтымақтастық зайырлылық – бұл түрде мемлекет пен дін бір-бірінен бөлінгенімен, белгілі дәрежеде ынтымақтастық орнайды. Дін қоғамның бір бөлшегі ретінде қарастырылады. Мемлекет дінмен бірге әлеуметтік және мәдени жобаларда жұмыс істей алады.
Бейтарап зайырлылық – барлық дінге бірдей қарайды, ешқайсысын артық немесе кем көрмейді. Дінге қатысты бейтарап ұстаным ұстайды. Діни сенім бостандығы толық қамтамасыз етіледі.
Діни элементтері бар зайырлылық – тарихына немесе мәдениетіне байланысты белгілі бір дінге басымдық беріледі. Ол ұлттың мәдениетінің бір бөлігі ретінде саналады.
Мемлекеттік бақылаудағы зайырлылық – мемлекет дінді толық еркіндікке жібермей, белгілі бір деңгейде бақылап отырады. Бұл экстремизмнің алдын алу үшін қажет.
Зайырлылық түсінігі – атеизмді дәріптеу немесе дінді жоққа шығару емес. Бұл азаматтардың діни сенімдерді қабылдаудағы еркіндігі. Ол қоғамдағы теңдікті сақтауға, адамдар арасындағы діни келіспеушілік пен қақтығыстардың алдын алуға көмектеседі.
Сол арқылы спорт саласында, білім беру мекемелерінде заңға негізделген, баршаға ортақ ережелер қалыптасады. Бұл дінге байланысты бөлінушіліктің алдын алады.
Зайырлы қоғамдағы ең басты құндылық – адам. Әр адамның сенімдік тұрғысындағы көзқарасын құрметтей білген ел дамыған замандағы басқарудың озық үлгісін ұстанады деуге болады. Себебі әр индивид өзінің өмір сүру салтына сәйкес, ішкі сезімі мен ақылына жүгіне отырып, таңдау жасайды. Сол арқылы өмір сүру дағдыларын жүйелейді. Ең бастысы – бұл таңдау мемлекет заңдарына қайшы келмеуі тиіс.
Діни сенім қай заманда да күрделі мәселе. Осы орайда зайырлылықты ұстанып, таңдауды әр азаматтың өзіне қалдыру – мемлекеттің халқына деген ілтипаты. Сондықтан зайырлылықты сақтау – мемлекеттің дамуының басты кепілі деп айтуға болады.
Асылбек Опабек
теолог
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
