Қазақстанда су тарифтерін әділ әрі қолжетімді ету мақсатында жаңа субсидиялау ережелері енгізілді. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, ауызсуды жеткізу қызметінің құнын субсидиялау қағидалары ел бойынша су тарифтерін реттеуді көздейді. Қазір әр өңірде су бағасы әртүрлі – ол судың алынатын көзіне, оның қашықтығына, желілердің ұзындығына және көрсетілетін қызмет көлеміне байланысты.
Бүгінде кей өңірлерде су тарифі тым жоғары, тұрғындардың қалтасына салмақ түсіреді. Орта есеппен қала тұрғындары 1 текше метр су үшін 100 теңге төлейді, ал кей ауылдарда бұл баға 5 мың теңгеге дейін жетеді, – деді Жүнісбеков.
Мысал ретінде ол Қостанай облысын келтірді. Мұнда ауылдарға су шамамен 1 000 шақырымдық топтық су құбырлары арқылы жеткізіледі. Алайда тариф айырмашылығы айқын: субсидия тізіміне енген ауыл тұрғындары судың текше метрін 100 теңгеден төлесе, тізімге енбеген ауылдағылар 1 000 теңгеден төлеуге мәжбүр.
Мұндай айырмашылық тұрғындардың көңіл-күйіне әсер ететіні анық. Жаңа ережелер осы теңсіздікті жоюға және ел бойынша су бағасын орташа деңгейде ұстауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті ол.
Жаңа әдістемеге сәйкес, жергілікті атқарушы органдар халық төлейтін судың бағасын республикалық орташа тариф шегінде бекітеді. Сондай-ақ мәслихаттарға өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарай тариф мөлшерін реттеу құқығы берілді.
Бақытжан Жүнісбековтің сөзінше, қазір өңірлерде судың бір текше метріне арналған төлем мөлшерін нақтылау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар жаңа ережелерге сәйкес, егер тұрғындар бір адамға шаққанда тәулігіне 140 литрден (айына 4,2 текше метрден) артық су пайдаланса, артық жұмсалған көлем үшін 30 пайызға жоғары тарифпен ақы төленеді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!