Сәрсенбі, 20 қараша, 20:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Су болашақтың валютасы ма?

31.07.2021

2004 0

Өткен жылғы БҰҰ-ның Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының баяндамасындағы мәлімет елең еткізбей қоймады. Онда болашақта су тапшылығынан әлемде 3 млрд-тан астам адам зардап шегетіні жазылған. Сарапшылар мұны халық санының өсуімен байланыстырады.

Халық саны өсті. Алайда жан басына шаққандағы пайдаланатын тұщы су қоры 20 процентке азайған. Су тапшылығы әлем бойынша әсіресе, Солтүстік Африка мен Батыс Азияда қатты сезілуде. Жалпы су тапшылығы әлем елдерін алаңдатып отырған мәселе. Соңғы жылдары әлем­де суды көбірек тұтыну өсе түскен. Са­рапшылар халық санының өс­кенінен бө­лек, адамдардың жақсы өмір сүруге ұмтылысы, диеталық тағамдарға бет бұра бастауы да суды көбірек тұтыну­ға әсер еткенін айтып отыр. Бір қарағанда тым қарабайыр себеп сияқты көрінгенмен, бұл кейбір елдегі су тапшылығы мәселесіне айналуда. Сарап­шылар атап көрсеткендей, халқы тұтыну рационын өзгерткен, яғни ет өнімі мен дәнді дақылдарды күнделікті жиі пайдалануға бет бұрған Бразилия, Қытай, Индия елдерінде күнделікті су тапшылығы сезілуде және бұл мәселе көкейкесті проблемаға айналуда. Соны­мен қатар ауылшаруашылығы саласы, мал шаруашылығымен айналысатын елдер үшін су жылдан жылға қат дү­ниеге айналмақ. Мамандар алдын ала болжағандай, алдағы уақытта барлық егістік жерлердің шамамен 11 проценті және барлық жайылымдардың 14 про­центі құрғақшылыққа ұшырайды, ал суармалы егістік жерлердің 60 про­цен­ті су тапшылығына тап бо­лады. Осы орайда әлем үшін назар аударар­лық жаңалықтың бірі АҚШ су фьючерсі­мен сауда жасай бастады (Фьючерс – уағдаласылған сұрыптағы тауарды бел­гілі бір мөлшерде келісілген бағамен көр­сетілген кезең бойынша жеткізу жөнін­дегі келісім-шарт). АҚШ-тың мұн­дай қадамға баруы соңғы кезде жиі қайталанған орман өрттері және Кали­форниядағы құрғақшылық әсер еткен. Осылайша өткен жылы су сауда-саттығы Чикаго биржасында ресми түр­де басталды. Осыдан кейін сарап­шыл­ар бұл судың валютаның жаңа түріне ай­налуға жасалған қадам емес пе деген болжам жасай бастады.

Француз суретшісі Фабьен Бушар бұл жағдайды өз шығар­машылығына арқау етті. Су там­шы­сын бейнелеу арқылы көпшілікке су банкнотын ұсынып, «Су бағасы» деп атады. Суретші бұл туындысына «су да алтын сияқты сенімді инвестицияға ай­налады» деп пікір білдірген.

Мамандар Калифорниядағы су тап­шылығын халқы тығыз орналасқан ауыл­ шаруашылықты аймақ екендігімен байланыстырады. Судың 50-60 про­центін ауылшаруашылығы саласына жұмсайтын калифорниялықтар үшін су тапшылығы жылдан-жылға арта түспесе, кемімек емес. Төтенше жиі орын алатын Калифорнияда суға деген сұраныс мөл­шері жыл сайын арта түспек. Осыдан келіп бұл елде су нарығындағы жағдай өзгерген. Бұл инвесторларға мүм­кіндік берді. Мамандар мұны жақсы идея деп бағалайды. Су фьючерстері фермерлерге су шығынын жоспарлауға, түрлі тәуекелдерден сақтандыруға мүм­кіндік береді екен. Әрине, бұл барлық елге бірдей емес. Су нарығында әр ел өзінің әлеуметтік-экономикалық логи­касы ар­қылы шешім қабылдайды. Әр ел су ресурсының бағасын өзі анықтайды. Бір сөзбен айтқанда, сарапшылар пікірі осыған саяды.

Мамандардың айтуынша, су фьючерс­терін мұнай немесе газ фьючерстерімен салыстыруға келмейді. «Біріншіден, таза су – бұл жер бетіндегі жалғыз ресурс, оған қол жеткізу құқығы БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен адамның негізгі құқықтарының бірі ретінде ресми түрде бекітілген» деп жазады «Еуропалық және халықаралық кешенді зерттеулер орта­лығының директоры Анастасия Лихачева.

Сарапшылар су тапшылығы мәселесі­нен бұрын суды қандай мақсатқа қол­данатынын анықтау маңызды екенін жа­зады. Мәселен, ауыл шаруашылықты ай­мақ үшін көп су қажет ететін дақыл­дардан, су үнемдейтін дақыл егуге көшу немесе басқа да өндіріс саласында су шығынын есептеу маңызды. Сол се­бепті де суға жаңаша ғылыми көзқарас қажет. Бұл орайда белгілі су маманы, Қазақ КСР Мелиорация және су шаруа­шылығы министрі қызметін атқарған Нариман Қыпшақбаев әлемдік су мәселе­сіне жаңаша көзқарас және білікті кадрлар қажет екенін айтады. ҚР Экология, гео­логия және табиғи ресрустар минстр­лігінің сайтында жарияланған маман пі­кірінен үзінді келтірсек: «Бүкіл әлемдегі су ресурстарының құндылығының дәле­лі – экономиканың бірден-бір саласы су­сыз өмір сүре алмайтындығында. Кез келген аймақтың сусыз өркендеуі мүмкін емес. Сондықтан су үнемдеу  тұрғы­сынан ерекше, мұқият назар аударуды, басқарудың ең озық технологияларын енгізуді, есепке алуды және су ресурс­тарын қорғауды қажет етеді. Сонымен қатар бүкіл әлемдегі тұщы судың кө­лемі тұрақты құндылық және суға деген сұраныс жыл сайын арта береді. Сондықтан кез келген мемлекет бұл мәселемен тұрақты айналысуы қажет. Бұл үшін қазіргі заманғы технологиялар туралы білімі бар және экономикалық, экологиялық тепе-теңдікті сақтау шар­тымен су мәселесін шешуге қабілетті, жан-жақты ойлай алатын кадрлар қа­жет, – дейді.

P.S.  Әлемдік жағдай, елдегі құрғақшылық пен су тапшылығы бұл  салаға жаңаша көзқарас қажет екенін дәлелдей түсті. Бұл ретте ғылыми тұрғыдан шешім қабылдау маңызды.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: