Сенбі, 21 желтоқсан, 22:07

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Су тапшылығы туындайды

21.05.2022

1264 0

Сырдария өзенінің жағдайы соңғы жылдары халықты уайымға салып қойғаны белгілі. Себебі Сырдарияда су таусылса аймақта қуаңшылық болатыны көпке мәлім. Осыдан бір ай бұрын өзен арнасына су толып, тұрғындар қуанған еді. Сол уақытта облыстағы бірнеше көлге су жіберіліп, шаруалар жұмысын бастап кеткен болатын. Ал қазір Сыр өзенінің жағдайы мәз емес. Су деңгейі күннен-күнге түскен сайын шаруалар да жұмыстарына алаңдап отыр. Сондықтан су деңгейінің азаюына байланысты ауыл шаруашылығы дақылдары, оның ішінде күріш дақылын межеден аз егу жоспарланған.

– Шардарадан жоғары орналасқан су қоймаларында жинақталған су көлемі 16,7 млрд текше метр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,1 млрд. текше метрге артық. Сырдария өзені бассейіндегі ең үлкен су қоймасы Тоқтағұлда 10 млрд текше су бар. Бүгінде Көксарай су реттегішінде жинақталған судың көлемі 140 млн текше метрді құрады. Қазіргі уақытта облыс төңірегіне секундына 506 текше метр су түсуде. Одан Сырдария өзенінен облыс аумағына секундына 520 текше метр су тасталуда. Қазіргі таңда Шардара су қоймасында 4,81 млрд текше метр су, Көксарай су реттегіш қоймасында 139 млн текше метр су жинақталды. Ал Қызылорда су торабынан Сырдарияның төменгі ағысына жіберілген су көлемі 56 текше метрді құрады, – деді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының бөлім басшысы Сейітхан Абуов.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Жұлдызай Айтжанованың сөзіне сүйенсек, соңғы жылдары Сырдария өзеніндегі су тапшылығы көлдердің құрғауына, ауыл шаруашылығы дақылдарының азаюына әкелуде. Су тапшылығына байланысты 20 жоба іске асырылмақ.

– Биыл жалпы ұзындығы 1034 шақырымды құрайтын 162 су арнасы тазаланды. 156 су сорғы қондырғысы сатып алынды. 87 ұңғыма жөнделіп, бұрғыланды. Жаңақорған ауданында Сырдария өзеніндегі үрмелі су тоспасының істен шығуына байланысты Келінтөбе магистралды арнасы суландырылмақ. Келінтөбе магистралды арнасының 9,2 шақырымы тазаланып, қосымша секундына 14-15 текше метр су беру көзделген, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Жұлдызай Айтжанова.

Егін науқаны басталар шақта Сырдария суының тапшы болуы үлкен мәселе екені рас. Су әпсәтте сарқылған кезде шаруалар жұмысына қиындық туғызбай қоймайды. Себебі диқандар суды қанып ішпеген дақылдан мол өнім алу қиын екенін айтады. Сондықтан өнімді егетін кезде судың жеткізілуіне орай әрекет еткен жөн дейді мамандар.

– Облыс бойынша барлық каналдардан секундына 424 метр секунд су алынуда. Дегенмен Сырдария өзенінде күрделі су тапшылығы болуы мүмкін. Әсіресе бұл жағдай Жалағаш, Қармақшы, Қазалы аудандарында қатты сезіледі. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сәйкес, 55927 гектарға күріш егіледі. Қала және аудандар бойынша күріш егу жұмыстарын 1 маусымға дейін аяқтау туралы хат жолданды. Қарапайым шаруа иелері де су тапшылығын ескеріп, егіс көлемін азайтуы керек. Олай етпесе қиын жағдайға ұшырауы мүмкін, – дейді «Қазсушар» РМК облыстық филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров.

Мамандар сөзіне сүйенсек, кәсіпкерлерге алдын ала болжам бойынша күріш егуді азайтуды айтып өткен. Себебі жазда су тапшылығы болуы мүмкін екені байқалады. Сондықтан шаруа қожалықтары су жағдайын бақылап, сусорғы қондырғыларын іске қосқаны абзал. Қалай дегенмен де диқандар егін еккеннен кейін оны күйдіріп алмаудың амалын қарастырған жөн.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: