Екі кештің арасында әбігерленіп қалдық. Жаз күніндей емес, жұмыстан соң үйді-үйіне кіріп кетіп, қақпасын бекітіп алатын тұрғындар бір сәтте көше бұрышына топтала қалды. Тұрғындарды алаңдатқаны – жер астынан көтерілген су. Кеш бата асфальт астынан көтерілген су көлемі тіпті көбейе бастады. Мұнда кейін көшіп келгендер бұрын саяжай болған ауданның қыр-сырын, ұңғыл-шұңғылын біле бермейді. «Су қайдан шығып жатыр?» деп аң-таң болып жүргендер де бар. Көшенің байырғы тұрғындары дәу де болса, асфальт астындағы су құбырының жарылғанын болжады. Дереу жедел қызмет – 109-ға хабарласып, мән-жайды айтамын дегенше де кеш батып қалды. Қараңғылық жамылған (көшеде жарық жоқ) көшеде тұрғындардың қолындағы қолшам әр-әр жерден жылтырайды. Көп күттірмеді. «Су жүйесінің» жедел тобы да келіп жетті. Тұрғындар да қолшамдарын жағып, бар көмегіміз осы дегендей, айнала қоршап тұр. Мән-жайды білген су жүйесінің мамандары техника әкеліп, асфальт ортасын қазып, жер астындағы тесілген су құбырын уақытша жамап-жасқап қойды. Таң атқанша осылай лаждай тұрса, күндіз мұқият жұмыс істелу керек. Бір-екі сөйлеммен жаза салу оңай көрінгенмен, бір көшені су алудан аман сақтап қалу үшін олар түнгі сағат 1-ге дейін жұмыс істеді. Уақытпен санаспай, тұрғындардың сұрағына жауап беріп, жағдайды түсіндіріп, қабақ шытпай жылы қоштасқан қарапайым мамандардың кішіпейілдігі әбігерге түскен тұрғындардың уайымын сейілтті. 3-4 сағатқа созылған жұмыстың басы-қасында жүрген қалалық «Су жүйесінің» білікті мамандары шебер Ғалымжан Жортбасовқа, сантехник Азиз Абдрахметовке, жүргізуші Рүстем Кербеновке көше тұрғындары алғысын газет арқылы жеткізгісі келді. «Уақытпен санаспағандарыңыз үшін, қабақ шытпай, міндеттеріңізді адал атқарғандарыңыз үшін алғыс айтамыз», – дейді көше тұрғындары.
Ал ертесіне кешке дейін құбыр жөнделіп, бір сәтте қазылған шұңқыр қайта көміліп, асфальт үсті де теп-тегіс болып қалды.
«Бәйшешек» көшесінің тұрғындары
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!