Облыстағы су айдындарында, әсіресе, Сырдария өзенінде жыл сайын азаматтардың түрлі себеппен суға кету жағдайлары азаймай отыр. Осыған байланысты өңірде тиісті профилактикалық шаралар қолға алынған. Жыл басынан бері төтеншеліктер 301 рет рейдке шығып, 2 452 тұрғынға судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндірген. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін атқарушы Нұржігіт Тұрғанбай мәлімдеді.
– Сырдария өзені мен облыс аумағындағы басқа да су айдындарында азаматтардың суға кету фактілері көбіне қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзу салдарынан орын алуда. Атап айтқанда, тұрғындардың өзендер мен каналдардың кез келген, зерттелмеген тұстарында суға түсуі, спирттік ішімдік ішіп суға шомылуы, балалардың ересектердің қарауынсыз су жағасына баруы мен жүзе алмауы – қайғылы жағдайларға басты себеп болып отыр. Сондай-ақ, соңғы жылдары ұжымдар мен оқу орындарына қарасты жастардың жаз мезгілінде табиғат аясында, өзен-көл жағасында демалыс ұйымдастыруы жиілеген. Алайда мұндай демалыстардың кейбірі өкінішке қарай қайғылы оқиғалармен аяқталып жатады. Қазіргі таңда облыс аумағында суға шомылуға тыйым салынған 63 қауіпті аймақ тіркеліп, аталған учаскелерге 149 ескерту тақтайшалары мен билбордтар орнатылған. Айта кету керек, жазғы маусымда облыс бойынша 8 балалар лагері жұмыс істейді. Осы ретте барлық ата-аналар мен демалыс ұйымдастырушыларды балалардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және барлық сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырамыз,- деді Нұржігіт Бердібекұлы.
@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!