Тыйым салынған орындарда суға түсуге, балалардың үлкендердің қарауынсыз жағажай аумағында жүруге, масаң күйде суға түсуге қатаң тыйым салынады.
Бұл туралы бүгін қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы бастығы орынбасарының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау подполковнигі Мұхтар Белсенбаев айтып өтті.
– Су айдындарында қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында қала әкімдігі жанынан құрылған жұмысшы топ пен басқарма қызметкерлері, еріктілер бірлесіп, суға шомылуға тыйым салынған қауіпті аймақтарда күнделікті рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Аталған қауіпті аймақтарда «Шомылуға тыйым салынады!» тақырыбындағы ескертпе тақтайшалары жаңартылып орнатылды, – деді Мұхтар Тұрсынханұлы.
Суға түсу маусымы басталғаннан бері су айдындарында 85 рейд өткізіліп, қала тұрғындарына судағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілген. Сондай-ақ, қала аумағында орналасқан колледж студенттеріне, мектеп оқушыларына, ата-аналарға «Су айдындарындағы қауіпсіздік» бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!