Сәрсенбі, 03 шiлде, 11:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№52-2062
02.07.2024
PDF мұрағаты

«Суды талонмен алады»: Маңғыстау тұрғындары су тапшылығына наразылық білдірді

30.01.2023

404 0

Сурет: Stan.kz

Маңғыстау облысының шенеуніктері ауыз судың мәселесін шеше алмай отыр, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасы.

20 мыңға жуық отбасы тұратын Батыр ауылында халық судың жоқтығынан киімдерін де жуа алмай қалған. Көлікпен таситын судың да құны аспандап кетті.

Шенеуніктер зауыттан берілетін су көлемі бірден 3 есе азайып кеткенін айтады. Бір жұтым суға жарымаған Батыр ауылының тұрғындары шенеуніктерге наразылығын білдірді. Олардың айтуынша, тұрғындар жазда ауыз суға жарымай шөлдеп, енді қыста да сусыз қалды. Үйге құбыр арқылы су келмейді. Ал көліктен таситын суды он күн күту керек.

“Көшіп келгеніме үш жыл болды. Көшіп келгелі краннан бір тамшы су ақпады. Суды талонмен аламыз. Бұрын талон үш күннен кейін берілетін. Қазір талонға 10 күн деп, 10 күн су бермейді”, – деді ауыл тұрғыны Гүлзар Рейімбекова. 

“Жаздың күні мүлдем су жоқ. Бір водовозды 10 мыңнан сатып алған кездер болды. Сонша ақша шығарып жер егеміз, көгертеміз. Керек кезінде су болмағасын, еккеніміз қурап қалады. Еңбегіміз зая кетеді”, – деді батырлық Қадір Құдайбергенов. 

Тұрғындар бір көлік суды 6 мың теңгеге сатып алып отыр. Қымбатшылық кезде бұл халыққа тағы ауыртпашылық салды. Ал әкімдік аудан бойынша ауыз су тапшылығы бар екенін растап отыр. Ауа-райы күрт өзгеріп, су тұшытатын зауыттан келетін су көлемі 3 есе азайып кетіпті.

“Батыр ауылына орталықтандырылған құбырмен беру үшін 4 мың куб су керек. Бірақ біздің  алып отырған суымыз жеті жүз бен мың кубтың арасында ғана. Сондықтан водовозбен беруге мәжбүрміз”, – дейді Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Нұрхан Мұстафаев. 

Сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары тұрғындар енді су көліктеріне артық ақша төлемейтінін айтты. Жеке кәсіпкерлермен келісіп, 4 текше метр суды халыққа 2680 теңгеден беруге келісті. Әрі келесі аптада орталық құбыр арқылы су беруге тырысып жатырмыз деп мәлімдеді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: