Қызылорда қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында «Қазақстандағы орыс қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалы ұйымдастырған онкүндік өз мәресіне жетті.«Бірлігіміз – сан алуандығымызда» атты қорытынды концертке түрлі этнос өкілдері, мәдени бірлестіктердің жетекшілері мен жастар ұйымдарының белсенділері қатысты. Шарада ел бірлігін, этносаралық татулықты және өзара құрметті дәріптеген мазмұнды көріністер мен ән-билер көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Салтанатты кештің ашылуында Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов сөз сөйлеп, Ассамблеяның қоғамдағы бірлік пен келісімнің символына айналғанын атап өтті. Ол онкүндік аясында белсенділік танытқан бірқатар азаматтарға алғыс хаттар табыстады.
Марапат иелерінің қатарында «Қайсар» футбол командасының ойыншылары, «Дамир» жеке балабақшасының басшысы Әсел Базарбай, «Сиқырлы әлем» балабақшасының жетекшісі Ақмарал Төрешова, «Ассамблея жастары» ұйымының белсенділері және «Жемчужина» би тобының жетекшісі Ирина Ащеулова бар.
Концерт барысында түрлі этностардың әндері мен билері орындалды. Көрермендер назарына «Дамир» балабақшасының тәрбиеленушілерінен орыс биі, Анар Ізденнің орындауындағы «Скоростное шоссе» әні, «Индиго» би орталығының «Паук» биі және М.Мәметова атындағы педагогикалық колледждің «Япурай» хорының «Прекрасное далёко» әні ұсынылды.
Онкүндік аясында ерекше белсенділік танытқан азаматтар түрлі номинациялар бойынша марапатталды.
• «Жүректерді біріктірген дауыс» – Анар Ізден
• «Үздік суретші» – Гүлзат Жұрқабаева
• «Үздік этномәдени орталық жетекшісі» – Неміс орталығы төрағасы Ирина Шек
• «Жылдың қолдаушысы» – «Венера Принт» және «Пумба Фемели»
• «Спорттық қолдау» – Динара Табынбаева
• «Халық достығы» – Байқоңыр қаласы әкімшілігі
• «Жыл стилі» – Светлана Цой
• «Үздік БАҚ өкілі» – журналист Мира Жакибаева
«Қазақстандағы орыс қауымдастығы» облыстық филиалының төрағасы Наталья Мишукова онкүндіктің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барлық қатысушылар мен серіктестерге ризашылығын білдіріп:
— Бұл онкүндік – тек мәдени іс-шаралар жиынтығы емес, ол – халық арасындағы достықтың, өзара түсіністік пен сыйластықтың нақты көрінісі. Бізді біріктіретін басты құндылық – бейбітшілік пен келісім, — деді.
Кеш соңында «Ассамблея жастары» ұйымының мүшелері «Менің Қазақстаным» әнін орындап, сахна төрін мерекелік көңіл-күйге бөледі.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!