Сәрсенбі, 29 қазан, 21:47

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№82,2194
29.10.2025
PDF мұрағаты

Сыр ұстаздары үздік атанды

29.10.2025

47 0

Республикалық «Үздік педагог – 2025» байқауында Қызылорда облысының төрт бірдей ұстазы жеңімпаз атанып, өңірдің білім саласындағы абыройын тағы бір асқақтатты. Соңғы үш жыл сырбойылық педагогтар республикалық деңгейде үздік бестіктен түспей келеді. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында жеңімпаз ұстаздар өз тәжірибелерімен бөлісті.

– Өткен жылы мен «педагог-шебер» санатына өтіп, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері болдым. Қазіргі таңда Е.Әуелбеков атындағы №4 мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында биология пәнінен сабақ беремін. Биыл Республикалық «Үздік педагог – 2025» байқауына қатысу үшін талмай еңбектендім. Менің шәкірттерім республикалық, облыстық және халықаралық деңгейдегі түрлі олимпиадалар мен ғылыми жобалардың жүлдегері атанып жүр. Сабақ барысында оқушылардың ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіріп, шығармашылық қабілеттерін арттыруға ерекше мән беремін. Олардың креативті ойлау, іздену және өз ойын еркін жеткізе білу дағдыларын дамыту – менің басты мақсаттарымның бірі. Сондай-ақ тәжірибе алмасу мақсатында әріптестеріммен бірге 5 және 15 минуттық ашық сабақтар өткізіп, өз жетістіктерімізбен және оқушылардың табыстарымен бөлісіп келеміз. Соңғы үш жылдың ішінде шәкірттерім үлкен нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, Нұрдаулет Бергенбекұлы мен Нұрлыхан Қақпан Республикалық Президенттік олимпиадада күміс медаль иегері атанып, 5 түрлі жоғары оқу орнының грантын жеңіп алды.Осындай дарынды, еңбекқор шәкірттеріммен мақтанамын, – деді Жазира Смағұлова.

– Мен мектепке бірден ұстаз болып келген жоқпын. Еңбек жолымды техникалық қызметкер ретінде бастадым. Мектептің тыныс-тіршілігіне араласып, оқушылармен жұмыс істей жүріп, ұстаздыққа деген қызығушылығым оянды. Сол ниет мені білім жолына алып келді. Кейін мектепке информатика пәнінің мұғалімі болып орналастым. Уақыт өте келе қосымша білім беру педагогы, мектеп директорының ғылыми жобалар жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Ал бүгінде №230 орта мектеп директорының міндетін атқарудамын. Қазіргі таңда мен Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегерімін. «Үздік педагог – 2025» байқауы мен үшін үлкен тәжірибе мен шыңдалу алаңы болды. Бірнеше жыл бойы жүйелі түрде дайындалып, көп еңбек еттім. Себебі бұл марапатты мың адамның біреуі ғана иелене алады. Сондықтан оған жету үшін табандылық, кәсіби біліктілік және мол тәжірибе қажет, – деді Алтынбек Киікбаев.

– Мен М.Мәметова атындағы колледжде қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша арнайы пәндер оқытушысымын, сондай-ақ филология бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарамын. «Үздік педагог – 2025» байқауында үздік деп танылып, төсбелгімен марапатталғаныма ерекше қуаныштымын. 2012 жылдан бері біздің колледждің оқытушылары бұл байқауға жыл сайын тұрақты түрде қатысып келеді. Биыл мен осы дәстүрді жалғастырып, колледж қоржынына жетінші мәрте жеңіс әкелдім. Бұл менің жеке еңбегім ғана емес, бүкіл ұжымның ортақ жетістігі деп білемін,- деді Гүлнұр Жүсіпова.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: