Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария ауданына жұмыс сапарымен барды. Тәуелсіздік күні қарсаңында Тереңөзек кентінде аймақ басшысының қатысуымен әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін сатып алынған 140 пәтерлік 70 тұрғын үйдің кілтін табыстау рәсімі өтті. Оған облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Әріп Хожбанов, қоғам қайраткері Ибрагим Әбибуллаев, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, жауапты сала басшылары, еңбек ардагерлері мен аудан тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы жаңа пәтер иелерін қоныстоймен құттықтады.
«Бүгін Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жерлестеріміздің баспаналы болу қуанышында, пәтер кілтін табыстау рәсімінде бас қостық.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін атап өтті. Өңірімізде тұрғын үй құрылысына, баспана мәселесін шешуге баса мән берілуде.
Биыл тұрғын үй құрылысына және жеке салушылардан дайын пәтерлер сатып алуға бюджеттен 39 млрд. 100 млн. теңге бөлінген. Бүгінге күнге 1 618 пәтер пайдалануға беріліп, 965 пәтер жыл соңына дейін сатып алынады. Соңғы екі жылда 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешімін тапты.
Аймақта тұрғын үй құрылысының көлемі 126 пайызға өсті. Бұл көрсеткіш 2022 жылы 683 мың шаршы метр болса, жыл соңына дейін 864 мың шаршы метрге ұлғаятын болады.
Бүгін міне, Тереңөзек кентіндегі тұрғын үйлер дайын болып, иелеріне салтанатты түрде табысталмақ. Жаңа баспаналарыңыз татулық пен берекенің ордасына айналсын! Балаларымыздың шат күлкісімен жаңа үйлердің іші бақытқа толсын! Қоныстарыңыз құтты болсын!»,– деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Іс-шарада бірлікті бекемдеуге үлес қосқан ел ағаларына, жаңа тұрғын үйлерді салған құрылысшыларға облыс әкімінің Алғыс хаты табысталып, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Ибрагим Әбибуллаев батасын берді.
Айта кетейік, өткен жылы аудан бюджеті 12 млрд. 113 млн. теңге болса, биыл 16 млрд. 797 млн. теңгеге жетіп, 28 пайызға өсті. Тұрғындардың әлеуметтік, инфрақұрылымдық мәселелері кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Биылдың өзінде 20 шақырымнан астам автомобиль жолы жөнделіп, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 99 пайызға жетті.
Электр энергиясымен қамту бағытында 2 жоба жүзеге асуда. Шаған ауылының электр желілері құрылысы аяқталды. Тереңөзек кенті мен Қалжан ахун ауылдық округі «көгілдір отынмен» қамтылды. Басқа да игі бастамалардың жемісін көретін күн жақын.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!