Өткен жылы Сырдария ауданында 33 145 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, әр гектардан орта есеппен 61 центнерден өнім алынып, жалпы 122 мың тонна астық жиналды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев мәлімдеді.
– Аудан шаруашылықтарындағы еңбеккерлердің еселі жұмыстарының нәтижесінде облыс көлемінде Сырдария ауданы «Егін шаруашылығы бойынша озат аудан» атанды. Мемлекет басшысының Сыр еліне жасаған жұмыс сапары барысында берген тапсырмасына сәйкес, ауданда суды көп қажет ететін дақылдар көлемін оңтайландыру және су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта егістік алқаптарда лазерлік жер тегістеу әдісі қолданылып, нәтижесінде 30 пайызға дейін су үнемделіп, егін шығымы артты. Өткен жылы шаруашылық құрылымдары заманауи лазерлік жер тегістегіш техниканың көмегімен 3 500 гектар жерге тегістеу жұмыстарын жүргізді. Қазіргі таңда ауданда бұл бағыттағы жұмыстар 70 пайызға жетті. Сонымен қатар, шаруашылықтар 150 гектар алқапқа жаңбырлатып суару әдісімен әртүрлі дақылдар егіп, жақсы нәтиже көрсетті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және баға тұрақтылығын сақтау мақсатында ауданда 805 гектар жерге бақша және көкөніс дақылдары егілді. Оның ішінде Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Шіркейлі, Бесарық, Асқар Тоқмағамбетов ауылдарында жастар бригадалары 100 гектарға жуық алқапқа бақша дақылдарын орналастырып, мол өнім алды. Мал шаруашылығын дамыту жұмыстары да аудан бойынша жүйелі түрде жүргізілуде. Өткен жылы мүйізді ірі қара басының саны 4,1 пайызға, жылқы 9,4 пайызға, құс 16,5 пайызға артты. Сонымен қатар, ет өндірісі 1,1 пайызға, ал сүт өндірісі 4,1 пайызға өсті, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
