2025 жылы Сырдария ауданында экономиканың негізгі салалары бойынша тұрақты өсім қалыптасты. Өнеркәсіп орындары 101,8 млрд теңгенің өнімін өндіріп, 72,4 пайызға ұлғайса, өңдеу өнеркәсібі 14,2 млрд теңгені құрап, 11,2 пайызға өсті. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында аудан әкімі Берік Сәрменбаев ауданда атқарылған жұмыстарды баяндады.
– Ауданда кәсіпкерлік саласын дамытуға әркез басымдық беріліп келеді. Өткен жылы аудан экономикасына 89,5 млрд теңге негізгі инвестиция тартылып, бөлшек сауда көлемі 3,2 млрд теңгеге жетті. Жыл басында ауданда 2 675 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелді. Өткен жылы мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 5,7 млрд теңгені құрайтын 199 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Оның ішінде «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 8 жоба, «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 19 жоба қаржыландырылды. «Өңдеу» бағдарламасы бойынша құны 256 млн теңгенің жобасы екінші деңгейлі банктер тарапынан субсидияланса, «Ұлттық жоба» шеңберінде 129 адамға мемлекеттік қайтарымсыз грант берілді. Сонымен қатар, «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 21 жоба, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы 21 ауыл шаруашылығы техникалары мен құрал-жабдықтары алынды. Өңірлік пул аясында Қалжан ахун ауылында құны 35 млн теңгеге жылыжай құрылысы іске қосылды. Тереңөзек кентінде құны 50 млн теңгені құрайтын наубайхана пайдалануға беріліп, бүгінде тәулігіне 500 дана нан және түрлі кондитер өнімдері өндірілуде,- деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Сондай-ақ, аудан әкімі брифинг барысында алдағы жылдарға жоспарланған ірі инвестициялық жобаларға да тоқталды.
– Мемлекет басшысы мен облыс әкімінің қолдауымен ірі инвестициялық жобаларды іске асыру бағытында нақты келіссөздер жүргізілді. Алдағы жылдары ауданда жалпы құны 1,7 триллион теңгені құрайтын 4 жоба жүзеге асырылмақ. Соның ішінде 2026-2028 жылдары «Қызылорда Энерджи ЛТД» серіктестігінің қуаттылығы 1 100 МВт бу-газ кондырғысының құрылысы жоспарлануда. Құны 1,6 трлн теңгені құрайтын жобаға 280 гектар жер учаскесі резервке алынды, құрылыс жұмыстарын биыл бастау жоспарланып отыр. Жоба жүзеге асқан кезде 510 адам жұмыспен қамтылатын болады. Одан бөлек, құны 40 млрд теңгені құрайтын «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» жобасы, 41 млрд теңгелік газ өндіру зауытының құрылысы және Шаған ауылындағы 400 басқа арналған тауарлы сүт фермасының жобалары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бұл жобалар аудан экономикасын әртараптандырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді,- деді Берік Сәрменбаев.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
