Бейсенбі, 26 желтоқсан, 16:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Сырдария суға толды

05.04.2022

1435 0

Жылдан-жылға арнасы кішірейген Сырдария өзенінің ахуалы соңғы бірнеше жылда дүйім елді алаңдатқаны рас. Су тапшылығы аймақтың экологиясы мен ауыл шаруашылығына айтарлықтай зар­дабын тигізді. Алайда осыдан бірнеше күн бұрын қайырлап қалған жерге қайта су келіп, Сырдария өзені баяғы қалпына оралды. Қуанышты жаңалықты ести сала көзбен көруге асықтық.

Сөйтіп, қала кіреберісіндегі су бөге­тіне бардық. Су арқырап ағып жатыр. Қарасаң көзің тояды. Ел тілегі орын­далды-ау деп іштей қуандық. Алайда сала мамандарының бұл жағдайға бай­ланысты пікірі мүлдем басқа.

– Өзіңізге белігілі, Сыр өңірінде дария суы азайып, салдарынан былтыр, оның алдыңғы жылдары суармалы егісте су тапшылығы қатты байқалды. Әсіресе, жергілікті өнім күрішке қа­тысты мәселелер туындады. Бұл жағ­дайға бірнеше фактор әсер еткен еді. Әуелгісі, Қырғызстан мен Өзбекстан суды жөндеп жібермей қойды, кейінгісі, өзенді жолдан егістік пен өнеркәсіптер шектен тыс пайдалануынан болды. Бүгінде Сырдария қайта қалпына келуде. Бірақ мұның осы деңгейді сақтап тұруы екіталай. Себебі олардың бізге су жіберуіне бір ғана себеп бар. Наурыз айының басында Сырдария өзені­нің жоғарғы ағысында Өзбекстан, Тәжікстан республикаларында және Түркістан облысы  жауын-шашынды бо­лып, Шардара су қоймасына түскен су көлемі күрт көбеюінен су қоймасындағы су көлемі 5,0 млрд текше метр жетті. Сол су қазір еріп бізге жетуде. Міне бүгін бір апта болды. Жауын-шашын тоқтады. Ал көршілес қырғыз бен өзбек ағайындар егін егуді бастап кетті. Енді су көлемі қайтадан ақырындап азайып жатыр, – деді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысы Сейілбек Нұрымбетов.

Бастауын қырғыз жерінен алатын Сырдария бассейні Өзбекстанды кесіп өтіп, бізге келеді. Бірақ көріп отыр­ғанымыздай су жыл сайын төмендеп кетеді. Бұл ең алдымен қыр­ғыз жеріндегі Тоқтағұл су электр стансасының толу жылдамдығын тө­мендетіп, ол жердегі электр қуатын өндіретін стансаға кері әсерін тигізеді. Содан Өзбекстан мен Қазақстан ау­мағындағы өзен ағысы да бәсеңдеп, егінді суару мүмкіндігі одан сайын азаяды.

Жалпы Сырдария әлемдегі ірі өзен­­дер секілді трансшекаралық өзен саналады. Сол себепті олардың ахуа­лы су басында отырған елдердің ше­шіміне тікелей байланысты. Бүгінде бауырлас үш ел арасында Сырдария өзеніне байланысты мемлекетаралық келісімдер жасалып жатқаны мәлім. Алайда жұрт бұл шараның игілігін қашан көреді, оны сала мамандарының өзі дөп басып айта алмай отыр.

– Қазір дарияның арнасы қайта суға толды. Өйткені Шардара су қой­масының толу көрсеткіші жобалық көлемге жетті. Сондықтан су қоймасы­на түсетін барлық су көлемі дарияның төменгі ағысына уақытша мерзімге транзиттік режимде секундына 1000 текше метр су жіберілуде. Сырдария өзенімен облыс шекарасына 650 м3/сек су түссе, одан Қызылорда, Әй­тек, Қараөзек және Қазалы су тора­бынан төмен су тасталуда. Бірақ Сыр­дарияның осы қалыпта қанша уа­қытқа дейін тұруы мүмкін, ол жағын кесіп айту қиын. Биыл Шардара су қой­масына түсетін су көлемі 2,3 млрд.м³ болып, Көксарай су реттегішіне 1,5 млрд.м³ су жиналмаса облыс аумағын­да егістікке су беру маусымы кезеңін­де су тапшылығы болады деп күтілуде. Осы мақсатта веге­та­циялық кезеңдегі су тапшылығы жағдайында каналдармен алынатын суды үнемді және ұтымды пайдалану мақсатында күріш дақылының көлемін былтырғы жылмен салыстырғанда 20-30 процентке дейін азайту жолдарын қарастырамыз, – деді «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров.

P.S. Сонымен Сырдарияның суы осы қалыпта қалуы екіталай. Дегенмен дария жағалаған елдің өзегін талдырмас үшін ел билігі бірқатар жұмыстары қолға алды. Енді сол іс оңынан шешілсе игі. Өйткені Сырдария тартылса, онымен бірге Сыр бойындағы елдің тыныс-тіршілігі де тарылып, тұрғындардың жағдайы қиындап кетуі бек мүмкін.

Ақтілек БЕРДІБАЙҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: