Жексенбі, 22 желтоқсан, 14:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Сырдың бойына қандай ағаш еккен жөн?

20.03.2021

4554 0

Сұлу Сырдың бас қаласы – Қызылорда  жыл санап құлпырып келеді. Әсіресе жаз айында қала аумағында егілген көшеттер мен гүлдер бүршік атып, шаһар шырайы тұрғындар көңілін көтеретіні анық. Бұл – көркейту-көгалдандыру жұмысының жемісі. Ал биыл жер тоңы жібіген көктемнің алғаш айында Сыр орталығына қанша ағаш отырғызылады? Жергілікті климатқа қандай тал егу тиімді? Науқанда нендей қателік кетіп жүр? Осы сауалдарға жауап іздеп көрелік.

Өткен жылы біткен іс

Бұрын қала аумағындағы көркі кетіп, жабайы өсімдік басқан шаңды алқап, бүгінде қызылордалықтар тамсана сипаттайтын әсем мекенге айналуда. Жаз болса Абай мен Назарбаев даңғылдары бойындағы, сонымен қатар аллея, скверлер аумағына егілген катарантус, филозит, целозия, пеларгония, цинни секілді гүл дестелері шаһар шырайын келтіріп, айналаға жұпарын шашады. Оған қоса Тұңғыш Президент саябағына отырғызылған ақ терек, көк терек, Сыр талдар және Абай даңғылына егілген көрнекі гүлдер мен көшеттер қалаға ерекше еселі сән беретіні байқалады.

Жалпы «Сыр өңірінде ағаш аз» деген таптаурынның теріске шықанына көп болды. Жыл сайын жаңадан бой көтерген саябақтар мен демалыс орындарында мыңдаған көшет егіліп, көгал отырғызу жүргізіледі. Мысалы, қала орталығындағы Батырхан Шөкенов атындағы саябақтың өзінде 800 терек пен 80 түп шырша егілген. Ал 2020 жылы «Сыр-Ана» монументі аумағының 3150 шаршы метріне көгалдандыру жұмысы жүргізіліп, «Дәрігерлер» аллеясы мен «Денсаулық» саябағы ашылды.

2020 жылдағы көгалдандыру жайын қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жол­дары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Абзал Рысбектен сұраудың сәті түсті. Сала маманы өткен жылдың табысты болғанын айтып, ресми мәліметтен мысал келтірді.

– Өткен жылы Қызылорда қаласын көркейту-көгалдандыру мақсатында 52 мың м2 аумаққа гүл мен гүлзарлар отырғызылды. Сонымен қатар сенбілік аясында 10 мыңға жуық ағаш көшеттері егіліп, аллея, скверлер мен аяқ су жүретін орталық көшелердің 45 процентіне көгалдандыру жүргізілген болатын, – деді Абзал Рысбеков.

Осы орайда өткен жылдың көгал­дандыру ісіндегі ауқымды тірлікті айт­пай кетпесек болмас. Олар – Назарбаев даңғылы бойындағы жаяу жүргінші жолы мен қалалық денсаулық және демалыс саябағы. Себебі игілігі мол құрылыс қала тұрғындарына шақырымнан астам көгалды алқапты тарту етті. Мәселен, Назарбаев даңғылындағы жаяу жүргінші жолының қос қапталы жасыл желекпен көмкеріліп, түрлі гүлдер мен көрнекі ағаштар отырғызылды. Бүгінге дейін жалғасқан құрылыс арқасында 1 шақырымнан астам аумаққа көпжылдық және біржылдық гүлдер егіліп, боз арша, үйеңкі, шырша секілді 1500-ге тарта пайдалы ағаш бой көтерген.

Ал жақында пайдалануға берілген қалалық денсаулық және демалыс саябағында сан алуан спорттық нысаннан өзге, мыңдаған көшет жаңа саябаққа сән беруде. Мұнда егілген 20 мың түп көшет пен 60 мың түп гүл бірнеше жылда Сыр өңірінің орталығын орманды алқапқа айналдыратын анық. Тек күтімін кетірмей күн қарап, білігін игеріп баптасаң болғаны. Сонда ғана жас өркен таза ауа мен тамылжыған табиғатты сыйлайды.

Ол үшін барлық жағдай жасалған. 12 мың метрге жуық аяқ су каналы жүргізіліп, жүйелі күтім қаралған. Суғару демекші, жалпы қала орталығындағы арық жүйелері дамып келеді. Бүгінде Жібек жолы, Сарқырама магистралды каналдары қаланың басты көшелерін аяқ сумен қамтамасыз етуге қауқарлы. Ұзындығы 54,6 шақырым арық жүйесі мен 19 канал бойында 13 насос қондырғысы жұмыс жасауда. Сондай-ақ қаладағы жасыл желектерді суғаруға арналған арнайы жер асты ұңғымасы іске қосылып, көше бойындағы бітелген аяқ су өткізгіш құбырларын тұрақты тазалау, ауыстыру жұмысы үнемі бақылауға алынған. Осындай бірлескен тыңғылықты жұмыстың арқасында шаһар тынысы ашылып келе жатқандай.

Маман не дейді?

21 наурыз күні республикалық тал егу акциясы деп белгіленді. Акция аясында қала тұрғындары да 2500 түп көшет егу жоспарлаған. Сондай-ақ жаз айында гүл мен гүлзар және ағаш отырғызу үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, мердігер мекеме жұмыс атқарады деп жоспарланыпты. Осы орайда егілетін көшеттердің сапасы мен түрі, жергілікті климаттық ерекшелік секілді маңызды талаптар сақталып жатыр ма? Саны басым, сапасы көңіл көншітпейтін көшеттерді бақылау қалай жүргізілуі қажет? Өңірге қандай талдың түрі қолайлы? Аталған сауалдардың жауабын ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Қорқыт Ата  атын­дағы Қызылорда универстиеті, жаратылыстану институтының директоры Самалбек Қосановтан сұраған едік.

Сырдың бойына қандай ағаш еккен жөн?

– Қызылорда қаласындағы көгалдандыру мақсатында отырғызылған талдарға көңілім толмайды. Себебі Қызылорда қаласы – республика бойынша бірде-бір инвентаризация жүргізілмеген аймақ. Яғни, «Қай көшеде қанша тал бар?», «Талдардың жасы мен түрлік құрамы қандай?» деген секілді талдау жүргізілмеген. Ол талдардың зиянкестері мен аурулары да анықталмады. Оған қоса қаладағы талдардың 80 проценті ескірген. Олардың орнына жас көшеттер отырғызу жұмысын жүргізу кемшін қалып отыр. Бұл тек қала көркіне ғана емес, тұрғындар денсаулығына да тікелей әсер ететінін ұмытпауымыз керек. Ол үшін әр көшедегі талдардың саны мен жасы, түрлік құрамы туралы мәліметті нақтылау қажет, – дейді Самалбек Оразбекұлы.

Сонымен қатар білікті маман саладағы бірқатар кемшілікті де атап өтті. Әсіресе, жыл сайын аумағы ұлғайған қаланың өзіндік тұқымбағы болмағанына қынжылып, тіпті мәселенің шешу жолын да ұсына кетті.

– Жыл сайын тал отырғызу маусымы басталған кезде көшеттерді сырттан тасып әкелуге мәжбүрміз. Жасыратыны жоқ, бұл үрдіс 30 жылға жуық қайталанып келеді. Бізге әкелінетін көшеттер Шымкент қаласы арқылы Ташкент, Бішкек қалаларынан келеді. Бұл салада әлі сырт мемлекетке тәуелдіміз. Мен бұл мәселені бірнеше рет көтергенмін. Қызылорда қаласына жақын жердегі «Сабалақ», Орбита», «Эдельвейс» «Ягодка» секілді саяжайлардан тұқымбақ ашатын уақыт келді. Яғни, қаланың теңгерімінде болатын тұқымбақ ашу қажет. Сонда сырттан келетін өнімді тежеп, өзімізді қамтамасыз ете аламыз. Сонымен қатар талдардың жапырағы да үлкен мәселеге айналуда. Егер тұқымбақ ашылса, ол жапырақтарды сол жерге көміп, шірітіп, оларды қайта пайдалануға жол ашылар еді, – деді ғалым.

Сала маманының айтқаны да орынды секілді. Мысалы, Назарбаев даңғылындағы жүргіншілер жолына отырғызған арша, үйеңкі секілді ағаштар Шымкент қаласынан әкелінген. Мұны бұған дейін мердігер мекеме өкілі Шерхан Сәбитбеков хабарлаған болатын. Қалалық денсаулық және демалыс саябағындағы көшеттер де сырттан келгенін білеміз. Сондықтан айтылған мәселеге бейжай қарамай, нақты жобаны жүзеге асыратын уақыт жеткен секілді.

Сондай-ақ қаланы абаттандыру бағытын­дағы басты мәселенің бірі – климатқа лайықты тал түрін таңдау. Сырттан әкелінген мыңдаған ағаш Сыр өңіріне жерсінбей, амалсыз қурап жатқанын жылда байқаймыз. Мұндайда желге ұшқан қаржы мен босқа кеткен есіл еңбекті көріп, алдын ала ғылыми талдау, маман пікірін ескермей, «жасыл қаланы желеулетіп», өзге өңірден ағаш тасыған мердігер мен әкімдікке қайран қаласың. Салада ұзақ жыл тәжірибеге ие ғалым аталған мәселеге қатысты да нақты тұжырымын білдірді. 

– Біздің аймақ шұғыл континенттік кли­матқа жататыны белгілі. Қызылордада топы­рақ тұздануы, жерасты ыза суының жақын жатуы, вегетациялық кезеңде күннің өте ыстық болуы өсіп тұрған талдарға өз әсерін тигізе­ді Сондықтан аймақтың ауа райы, кли­матына бейімделген эндемик өсімдіктерді отырғызған тиімді. Олар – қарағаш, қы­зыл­ағаш («Сыр талы»), үйеңкі. Сондай-ақ Сыр­дария өзенінің төменгі ағысында өсетін то­раңғыл да қолайлы. Аталған өсімдіктер біз­дің жерге бейімделген эндемик талдар. Ал өзге ағаш түрінің өсіп-өнуі қиындау. Бұл сырт аймақтан тал әкелуге болмайды деген сөз емес. Мәселен, ерен, катальпа, беже (айва) деген ағаштар жергілікті климатқа жерсініп, көп жерде өсуде. Алайда жеке пікіріме сүйен­сем, шаһарға қара талдан артық тал жоқ деп санаймын. Егер қажетті күтім жасалса, шөлге төзімді, көлеңкелік қасиеті мол ағаш көп пайдасын тигізер еді, – деді Самалбек Қосанов.

Сырдың бойына қандай ағаш еккен жөн?

«Қала бағбаны» атанған Келдібай Бектұрғанов та Самалбек Қосановтың пікірі­мен келісіп, ағашты егуде үлкен ыждағат, кең пайым керек екенін айтады. Ардагер маман талдың өркен жаюы оның түріне ғана емес, мезгілі мен күтіміне тікелей тәуелді деген ұстанымда.

– Ағашты көктемде, күзде егеміз ғой. Екі мезгілде де отырғызған жақсы. Күзде еккен ағаштың түбіне су құйып, сонысымен қалдырасың.  Көктемде нәтижесін береді. Ал көктемде еккеннің жөні бөлек, күн жылынып, жердің тоңы жібіген тұста отырғызсаң, күтімі жақсы болса, жайқалып шыға келеді. Біздің аймақты аптап ыстық, қолайсыз деп жатады. Алайда мен ол пікірмен келіспеймін. Қалауын тапсаң, кез келген өсімдікті өсіруге болады. Мәселен, қарағайдың күтімі қиындау, дегенмен жасыл арша, шырша дегенді жерсіндіруге болады, – дейді.

P.S. Шаһарда көз жауын алатын қызылды-жасылды гүлдер, көрікті көшеттердің алаңдар мен саябақтар, гүлзарлар мен көшелерде егілетін уақыты таяды. Жасыл-желекпен көмкерілген сұлулық қаланың сәнін келтіріп ғана қоймайды, тұрғындарға таза ауа мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Бұл – ортақ жетістік. Тек табиғат көркемдігін ақылмен таразылап, көшеттердің сапасы мен санына жіті мән беру керек екенін ұмытпасақ болғаны.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: