Сырдың суы мені жұбатып тұрып, жылатады… Кейде табиғаттың тосын мінезіне таңғаламын. Сырдария 2008 жылы асау мінез танытып, арыстай азаматтарды мәңгіліктің кемесіне алып кетті. Содан бері «тағы да тосын мінез көрсетпесе екен, тасымасыншы, маған ел-жұртымның амандығы керек» деп тілеумен келемін.
Адамда нағыз дос санаулы-ақ болады. Соның ішінде көбіне қолыма қалам алып, дос туралы естелікті Сыр елінің сағынышына айналған Сахитжанға арнайды екенмін. Бұл жолы да солай… «Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні» мерекесіне орай тағы да досым жайлы жазғанды жөн көрдім. Биыл бұл мерекенің Сахитжансыз тойланғанына 13 жыл толуда.
2008 жылдың 28 ақпаны… Бәріміздің есімізде. Қыстың үшінші айы, аязды ақпанның соңғы күні, сол бір тікұшақтың құлаған сәті. Расында да, бұл оқиға Сыр халқы үшін соққы, ауыр қайғы болды. Қызылорда облысының Жалағаш ауданында МИ-8 тікұшағы құлады. Ішінде сол кездегі облыс әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммед, төтенше жағдайлар қызметкерлері мен журналистер бар болатын. Борттағы 15 адамның алтауы қаза тапты. Оның бірі біздің досымыз, талантты, жас журналист, облыс әкімінің баспасөз хатшысы Сахитжан Бермағанбетов еді.
СОҢҒЫ КЕЗДЕСУ
Ол кезде мен «Ақмешіт ақшамы» газетінде тілші болып жүрген кезім. Сол жылғы қыс аймақта ерекше болды. Суығымен емес, суыт хабарымен жылатты, жабырқатты.
Редакцияның тапсырмасымен төтенше жағдайларға байланысты облыс әкімдігінде болатын жиналысқа бардым. Әкімдікке барған сайын Сахитжанның кабинетіне соқпай қайтпайтынмын. Бұл жолы да солай болды. Бірақ досымды облыс әкімі шақыртып, орнында жоқ болып шықты. Күткен досым келмеген соң кетуді жөн көрдім. Ойымда ешнәрсе жоқ, баспалдақтан төмен түсіп бара жатқаным сол еді. Құлағыма таныс дауыс естілді. Сөйтсем Сахитжан екен. Сол сәттегі бейнесі әлі есімде. Жүзі нұрланып, күлімсіреп келе жатса да аузы бұртиып, сөйлеп келеді…
– Нұрлыбайқызы, тоқтасайшы. Күте тұрсаң болмай ма?
– Күттім ғой, бірақ бүгін газет шығатын күн.
– Газетің күте тұрады. Иә, жағдай қалай? Өзім шаршап жүрмін, ертең Арал жаққа тікұшақпен іс-сапар күтіп тұр.
– Жазатын тілші керек емес пе? Мені де ала кетші…
– Қой, тек жігіттер ғана барамыз. Сен қыз баласың, мәлімет керек болса, өзім беремін, – деді досым.
Одан кейін әңгімеміз студенттік кезге ұласты. Арасында күліп алдық, жұмыс жайына қалды. Шаруасы шаш-етектен болса да біраз сөйлестік, асықпадық. Сөйтсем қоштасқысы келмеген екен ғой. Ал ертеңіне… Сахитжандар мінген тікұшақ жайында қаралы хабар естідік. Сенбедім, «мен онымен кеше ғана сөйлестім, ол тірі» деп… Бірақ сол соңғы кездесуіміз болды. Кейіннен білдім, Алла екі досты осылайша қоштастырған екен.
ТҮС КӨРДІМ
Марқұм досым түсіме жиі кіреді. Кейде ойлаймын, біз өмірде жақсы сыйласқаннан болар деп. Тіпті дүниеге келген күнімізді бірге атап өтетінбіз. Өйткені екеуміз көктемнің керемет айы мамырында өмірге келгенбіз.
Түн тыныштығы, бәрі тәтті ұйқыда, айнала жым-жырт… Кенет ұйқымнан біреу оятқандай болды. Түс көріп ояндым. Дереу ояна сала, ойға баттым. «Сахитжан досым түсіме неге кірді?» деп. Сөйтсем асыл да ардақты досымның ақпан айының соңғы күні қайтыс болған сәті еді. «Мені ұмытып кеттіңдер ме?» дегендей жарқын жүзімен, күлімдеген көзімен маған қарап тұр екен түсімде. «Жоқ, достым, өзіңді ұмытқан жоқпын. Досымды ұмытсам, өзімді ұмытқаным емес пе…» дедім іштей…
Одан кейін тағы да түсіме кірді. Таудың биігінде Сахитжанның суреті ілулі тұр. Мен де биікте тұр екенмін. Бірақ арамызды бір құз бөліп тұрғандай. Өте алыс еді. Әйткенмен суреттегі бейнесі көзге анық көрінді. Жүзі жарқырап түскен екен әлгі суретке. Ояна сала тағы да шүкір дедім. Жағымды түс. Демек Сахитжан досым Жәннаттың төрінде жатқан болар, иә-иә, солай болсын деп тіледім.
Осылайша қыспен бірге досымыз мәңгілік мекеніне аттанып кетті. Өзі сүйетін көктемге жетпеді. Алланың ісі… Бірақ сен – халқыңның, достарыңның жүрегіндесің, Сырдың Сахитжаны!
ТІЛШІ ТҮЙІНІ:
Қазақта «атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деген сөз бар. Көрерменнің көзайымына айналған танымал журналист Сахитжан Бермағанбетов те халықтың ұлы болып қала береді.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!