Бала – ізімізді жалғар болашағымыз. Халқымызда «адам ұрпағымен мың жасайды» деген тәмсіл бар. «Тәрбие басы – тал бесік» деген бабаларымыз ұрпақ мәселесіне ерекше көңіл бөлген. Бесікте жатқанында құндақтағы баласын бесік жырымен өсірген. Одан өсе келе халықтық ертегілер мен аңыз-әпсаналарды айтып, небір батырлар жырлары арқылы еркіндік пен әділдікті сүйетін қазақы рухты бойларына сіңірген. Дала мектебінен тәлім алған ата-бабаларымыз болашақта ізін жалғар, тұяғын басар ұл-қыздарына осылайша тәрбие беріп отырған. Қазір ше? «Ұлым – ізгі арманым, қызым – қызғалдағым» дейтін қазақы тәрбиенің бүгінгі көрінісі қандай?..
БЕСІК ЖЫРЫН АЙТАТЫН АНАЛАР ҚАЙДА КЕШЕГІ?
Тәрбие туралы сөз қозғағанда ойымызға бірден «Тәрбие басы – тал бесік» деген бабадан қалған асыл сөз оралады. Осы сөздің астарында ұғынған адамға көп мағына жатыр. Мақала әзірлеу кезінде шиелілік көпбалалы ана Ханым Тұрсынбайқызын әңгімеге тартқан едік.
– Бұл дүниеден мүлдем бейхабар келетін баланың ойы үнемі далада болады. Өйткені ананы білсем, мынаны көрсем деген ниетпен сәби қолына түскеннің барлығын аузына сала береді. Тіпті қайдан табатыны белгісіз, әйтеуір қолына бесікте жатса да қыл-қыбырды жинап алатын балалар болады. Айналаны көзбен көріп, қолмен ұстап, иіскеп не дәмін татып зерттейтін бүлдіршіндер үшін бесіктегі тәрбиенің мәні зор. Себебі, сәби өмірге келгеннен кейін не бары бір аптаның ішінде естіп, көріп, анасын танитын көрінеді. Естіп отырған балаға тек жақсы сөздерді айтудың қаншалықты маңызды екенін түсінген аналарымыз бесік жырын айтудан жалыққан емес. Қазір бала өмірге келісімен аналары ұйықтату үшін ұялы телефондардың әуендерін қосып қояды. Қосқанда да бесігіне алып барып, бас жағына жастығының астына сәбидің құлағына естілетіндей етіп қояды. Күнде анасының махаббатқа толы нәзік үнін емес, ұялы телефондардағы даңғыраған музыканы естиді. «Балам үшін қазақша ән қосамын» дейтіндер де бар. Мұндайда еріксіз «бесік жырын айтатын, аналар қайда кешегі?» деген сауал туындайды екен. Бала үшін анасының үнінен артық ештеңе жоқ екенін ұмытуға болмайды. Оның үстіне ұялы телефондар ересек адамдардың өзіне зиянын тигізіп жатады. Баласының көңілі далада болса да анасының көңілі балада болуы керектігін бабаларымыз әлдеқашан айтып кеткен. Балаға ана сүтімен бірге ана тілі дарып, бойына ұлттық тәрбие мен салт-сана даритыны – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Сол себепті тәрбие мәселесіне келгенде ананың сүті мен тілі, жылылыққа толы құшағы, махаббатқа толы үні басты орында болып табылады, – деді көпбалалы ана.
БАЛАҢЫЗ ҚАНДАЙ МУЛЬТФИЛЬМ КӨРЕДІ?
Күллі әлемді мойындатқан ғұлама ұстаз Әл-Фараби бабамыз: «Балаға бірінші тәрбие, сонан соң барып білім берілуі керек» – деп айтқан екен. Ал тәрбие берудің жолы көп. Соның бірден-бірі ретінде баланы жаман әдеттерден аулақ етіп, әрбір қадамын қадағалау деп айтар едік. Бала күнімізде ләңгі теуіп жүрсек те, асық атып ойнасақ та үнемі үлкендердің көз алдында болушы едік. Кімнің ауласына барсақ, сол үйдегі үлкендер сырттай бақылайтын. Көшеде ойнағанның өзінде бір-бірімен қауқылдасып отыратын шал-кемпірлер тәртібімізді қадағалайтын. Ойын ойнап жүрсек те назар салып, үлкен тәрбие беретін жандардың ортасында болатынбыз. Қазіргілер бұрынғының балалары сияқты көшеде ләңгі теуіп, шеңбер сызып асық атып жатпайды. Тіпті кейбір балалар үшін бұл ойындар ертегі мен аңыз секілді болып қалды. Мұның несін жасырамыз. «Ауруын жасырған өледінің» кейпін кимей, заманға тіке қарайтын уақыт жетті. «Қаланың баласы ондай, қаланың баласы мұндай» деп әңгіме айтатын кез әлдеқайда қалған. Себебі, қаланың да, ауылдың да баласының көрген-баққаны компьютердегі ойындар мен теледидардағы мультфильмдер. Әсіресе қазіргідей пандемия жағдайында балалар мектепті де онлайн оқып, ұялы телефон мен компьютерге телміруді көбейтті. Бұл жағдай көптеген ата-аналарды алаңдатып отыр.
– Балаңыздың қандай ойынмен әлек болып жүргенін білесіз бе? Білмесеңіз көңіл бөлгеніңіз жөн. Өйткені қазіргі ойынның басым бөлігі қырып-жоюға арналған. Жатқан атыс-шабыс. Бірінде террористермен атысса, енді бірінде көшені кезіп білгенін жасап жүреді. Мұндай ойындарда балалар адамды қалай өлтіру қажет, ол үшін қандай қарулар қолданатынын жадыларына әбден тоқиды. Бұл дегенің масқара ғой. Осындай ойындарды ойнап жүрген баламызды бақылауда ұстаймын не болмаса қазақы тәрбие беремін деу бекершілік сияқты, – дейді Сәбит Құрманбекұлы атты қала тұрғыны.
Ата-аналар үнемі теледидар алдынан шықпайтын балаларын да уайымдайды. Өйткені қазір теледидардан берілетін кейбір мультфильмдердің мақсаты қандай екенін адам біліп болмайды.
– Үнемі теледидардың алдында отыратын балаларымызға да ерекше назар аудармасақ болмайды. Олардың қандай мультфильм көретінін ата-аналар білуі қажет. Себебі, кейбір мультипликациялық фильмдердің маңызы мен мағынасы жоқ. Мысал ретінде «Губка Бобты» алайық. Басты кейіпкер адам да емес, жануар да емес губка. Оған тағы «Боб» деген есім беріп қойған. Мультсериалдағы оқиғалар тізбегі теңіздің астында өрбиді. Бір күні осы мультфильмді көріп отырған балам: «судың астында да өмір сүруге болады екен ғой» – демесі бар ма. Балама суда адам баласы өмір сүре алмайтынын, оған тек арнайы құрылғылар арқылы түсу қажеттігін түсіндіргендей болдым. Құдай сақтасын, бірақ осындай оймен суға түсіп кетсе, қандай жағдай орын алатынын өзіңіз де сезетін шығарсыз? – деді Кәмшат Ерлепесқызы.
Шынында, қазір кейбір мультфильмдерде кейіпкерлердің өзі жағымды бола тұра ылғи жаман әдеттерге әуес болады. Сол үшін бір уақыт болса да «осы біздің баламыз не көріп жүр?» деп назар аударғанымыз абзал. Біз бұл ойымызбен шетелдің балаларға арналған мультфильмдерін көрсетпеу керек деуден аулақпыз. Олардың ішінде де балаға ақ пен қараны үйрететін көңіл көншітерлік дүниелер жеткілікті. Балалардың барлығы білетін «Саяхатшы Дарада» бүлдіршіндерге санауды, бірге ойнауды, жұмбақтарды шешу үшін ойлануды үйретеді.
Қазір қуанарлығы, отандық телеарналарда қараған адам сүйсінетін, беретін тәрбиесі мол тәлімді мультфильмдер аз емес. Әсіресе, тарихымызбен сабақтасатын, салт-дәстүрімізбен үндесетін мультфильмдердің саны артып келеді. Мәселен, «Балапан» арнасынан берілетін «Әли мен Айя», «Данышпан қарға» секілді мультипликациялық фильмдер балалардың таным-түсінігін кеңейтсе, «Батырлар», «Қазақ елі» сияқты мультфильмдерден тарихын танып біледі.
СӨЗ СОҢЫ: Бала тәрбиесіне келгенде босаңсуға болмайды. Бір Қытайдан келген қандас бауырымыз «қазақтар балалары қарапайым кесені сындырып қойса жер-жебіріне жетіп ұрсады, қытайлар керісінше ештеңе етпейді, сен осы елдің болашағы үшін еңбек етенін ұлы ғұлама боласың деп өсіреді», – дегенді айтып еді. Мұны естігенде қатты таңдандым. Абай хакім айтпақшы, «Болмасаң да ұқсап бақ» дегенді баламыздың санасына құя бергеніміз дұрыс-ау, шамасы. Себебі, жақсылыққа ұмтылғандардың жамандыққа бой алдырғанын көрмеппіз.
Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!