Дүйсенбі, 30 желтоқсан, 22:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№102 – 2112
28.12.2024
PDF мұрағаты

Тәрбиеші Салтанат

12.05.2022

1088 0

Тәрбиеші мамандығының қиындығын сол кәсіпті таңдаған, осы жолда еңбек етіп, тер төгіп жүрген жан ғана түсінеді. Қызығы мен қиындығы мол мамандық иесінің жұмысы туралы бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Өз ісіне жан-тәнімен беріліп, қызмет атқарып жатқан олардың еңбегі ұшан-теңіз.

Сондай жанның бірі – қаламыздағы «Сыр дидары» бөбекжай-бақшасының ІІ санаттағы тәрбиешісі Салтанат Бакенова. Ол топқа кірген әр баланы жылы шырай мінезімен күліп қарсы алады. Бір мезетте әр үйдің еркесімен тілдесу – сырт көзге ғана оңай көрінер. Салтанат Бакенова мамандығының қиындығына қарамастан осы саланы қалады. Себебі көңілі тап-таза ақ қағаз тәрізді балаларды жақсы көретін. Сол балаға деген махаббаты, шексіз көңілі тәрбиеші болуға жетеледі.  Арман жетелеп Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетіне «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығына оқуға түседі. Сонымен қатар «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығын бітіреді.

Үлкен жауапты қызметті абыройлы атқару да оңай емес. Әр баланың көңілін табу, ән-би үйрету, оларға тақпақ жаттату күрделі жұмыс. Бірақ Салтанат жұмысын қиындатпай ізгі ниетпен жасайды. Шын көңілмен жасаған жұмыс әркез көптің көңілінен шығатыны белгілі. Осындай еңбекқорлығы арқасында абырой биігінен түспей келеді. Тәрбиеші қызметін атқарғанына сегіз жылдан асты.

– Баланы қалай шимайласа солай қалыптасады. Яғни, алғашқы тәлім-тәрбие, адамгершілік қасиеттер – оның өмір парақтарының алғашқы беті. Сол үшін тәрбиешіге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Топтағы әрбір бала ашылмаған сыр, құпия. Әрқайсының мінезі әр түрлі. Бір бала жылдам болса, екіншісі баяу, барлық нәрсені байыппен жасағанды жақсы көреді. Ал үшіншісі өзімен-өзі отырғанды жаны сүйеді. Солардың мінезіне сәйкес, жұмыс жасауға тырысамын. Біздің мамандық балаға деген махаббатсыз болмайды. Мен оларды жақсы көремін. Әрбір ісіне, сөзіне түсініп қараймын. Баланы топқа үш жастан қабылдаймыз. Балабақшаға келгенде ерке балғындар, есейіп көп нәрсені біліп шығады. Балабақшадан қоштасарда кәдімгідей қимастық болады, – дейді тәрбиеші Салтанат Бакенова.

«Баланы ең әуелі мейір-шапағатқа, одан соң ақыл-парасатқа, ақырында нағыз пайдалы ғылымға, еңбекке баулы» деген екен Абай атамыз. Тәрбиеші Салтанаттың бойынан осы қасиеттерді анық көруге болады. Кәсібін шын жақсы көреді. Оларға деген мейірімі көзінен байқалады. Сонымен қатар әркез шығармашылық ізденісте жүреді. Балалардың әр түрлі қырын таныту мақсатында ерінбей еңбек етеді.

– Балалармен жұмыс жасау – үл­кен бақыт. Себебі тек қана бала еш нәрсеге алаң­дамай мейірімділікке се­не­ді. Бүл­діршіндердің қуан­ғаны ма­­ған шаттық сыйлай­ды. Кейде жұмыс­тан үйге келгенде, шаршаға­нымды сеземін. Алайда бүл­діршіндердің маған де­ген ықыласы шарша­ға­нымды басады, – дейді ол.

Өз мамандығын жетік меңгерген Салтанат олар­­ды педагогикалық негізде тәр­биелейді. Әр сабағында бүл­­діршіндермен бірге ән айта­ды, сурет салады. Үш жыл бойы өз тәрбиесіне алған «Ақбота» тобы биыл мектепалды даярлықта. Бұл топ­тағы бүлдіршіндерді мектепке шығарып сала­тындықтан қимастық сезім бар.

Салтанат Бакенованың сегіз жыл атқарған жұмысындағы нәтижесі де жоқ емес. Бүлдір­шіндерді жетістікке жеткізіп, өзі де биіктен көріне бастады. Еңбектері елеусіз қалған емес. Осы уақыт ішінде  2019 жылы қалалық білім бө­лі­мінің «Құрмет» грамотасымен, 2020 жылы «Шебер педагог – 2020» І орын дипломымен марапатталған.

Салтанаттың өмірден түйгені – ең бірін­ші қоғамға мейірім керек. Сондықтан да бүл­діршіндерге мейірім төге отырып, биік белес­терге жетуіне жауапты екенін еш уақытта ес­тен шығармайды. Бөбекжайдағы әрбір балаға ізгілікті, жақсылықты үйретеді. Жақсы бала тәрбиелеуді мақсат етеді. Осы бағытта да бірқатар жетістікке жетті. «Нұрлы жастар – бола­шаққа жол бастар» атты республикалық өнер байқауына және «Кемел» өнер орталығына үздік шәкірт дайындағаны үшін Алғыс хатпен марапатталған.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Расында, қазіргі қоғамда бүлдіршіндерді ұрған, соққыға жыққан тәрбиешілер әлеуметтік желілерді шарлап кетті. Біз тек жамандықты кө­ретін секілдіміз. Соларды көрсетіп, насихат­таймыз. Сол үшін де арамызда жақсы жандар бар екенін насихаттап, оларды үлгі ету қажет.

Бүлдіршіндерді өз баласындай жақсы кө­ре­тін, оларға ерекше мейіріммен қарайтын тәр­биешілер әсте жоқ емес. Біздегі мақсат – бір ғана Салтанаттың жұмысын көрсету арқылы тәрбиешілерге деген жақсы көзбен қарауды сезіну. Өмірде жақсы адамдар да бар. Тек пейі­ліміз түзу болса болғаны…

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: