Тәуелсіздік – қазақ халқының сан ғасырлық арманын орындаған, мемлекетіміздің дербес дамуының берік негізін қалаған ең ұлы тарихи белес. 1991 жылы Қазақстан Республикасының егемен мемлекет ретінде жариялануы халқымыздың саяси, әлеуметтік және мәдени жаңғыруының жаңа дәуірін ашты. Тәуелсіздік – тек тарихи оқиға емес. Ол – күнделікті еңбекті, елдік сананы, құқыққа деген құрметті және қоғамның тұрақтылығын талап ететін мәңгілік құндылық.
Егемен елдің басты тірегі – заң үстемдігі. Құқықтық тәртіп пен әділдік үстемдік құрған мемлекет қана ұзақ мерзімді тұрақтылыққа, экономикалық дамуға және қоғамдық сенімге ие бола алады. Заң үстемдігі – мемлекеттіліктің іргетасы, билік тармақтарының үйлесімді жұмысын қамтамасыз ететін негізгі қағидат. Әрбір шешімнің заңға негізделіп, әділдікке сай қабылдануы – мемлекеттің өрлеуінің басты шарты.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері құқықтық жүйені реформалау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді. Сот жүйесін жаңғырту, қылмыстық және азаматтық процестерді жетілдіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту – осының барлығы егемен елдің құқықтық саясатының басым бағыттарына айналды. Мемлекеттік биліктің барлық саласында ашықтықты қамтамасыз ету, заңсыздыққа жол бермеу және мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыру үнемі назарда.
Тәуелсіздік жылдары енгізілген реформалардың бірі – соттардың тәуелсіздігін күшейту. Бұл халықтың сот жүйесіне деген сенімін арттыруға, әділ сот төрелігінің толыққанды жүзеге асуына мүмкіндік берді. Әділдік – құқықтық мемлекеттің басты көрсеткіші. Сот жүйесінің әрбір шешімі заңға сүйеніп, нақты дәлелдерге негізделіп, азаматтардың құқығын қорғауға бағытталуы – тәуелсіз Қазақстанның стратегиялық бағыты.
Сонымен қатар құқықтық мәдениетті қалыптастыру да маңызды міндеттердің бірі болып қала береді. Заңды құрметтеу, заңсыздыққа төзбеушілік таныту, азаматтық жауапкершілікті сезіну – қоғамның тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Әрбір азамат өз құқығы мен міндетін біліп, заңға бағынып әрекет еткенде ғана дамыған құқықтық қоғам қалыптасады. Бұл – тәуелсіздіктің нығаюына ықпал ететін негізгі фактор.Тәуелсіздік пен заң үстемдігі – бірін-бірі толықтыратын және мемлекетіміздің даму бағытын айқындайтын екі негізгі құндылық. Егемен ел болу – тек мемлекеттік шекара мен рәміздерге ие болу ғана емес, сонымен бірге қоғамның құқыққа деген жоғары мәдениетімен, мемлекеттік органдардың әділ әрі ашық қызметімен өлшенеді. Тәуелсіздіктің мәңгілік болуы – заңның үстемдігіне, қоғамның әділдікке деген сеніміне және бірлігімізге байланысты.
Еліміздің болашағы – құқықтық санасы жоғары, жауапкершілігі мықты, зайырлы ұстанымдарды қадірлейтін ұрпақтың қолында. Сондықтан құқықтық реформаларды жалғастыру, әділдікті қорғау, әр азаматтың құқығын сақтауды қамтамасыз ету – тәуелсіздігіміздің нығаюының басты кепілі. Мемлекеттің дамуы мен өркендеуі – заң үстемдігі сақталған жерде ғана мүмкін.
Шыңғысов Ғалым Әнуарұлы
Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының төрағасы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
