Тәуелсіздік –тәтті ұғым, дәмі балдай. Еліміз егемендікке қол жеткізгелі Тәуелсіздік сөзі санамыздан берік орын теуіп, халқымыздың жүрегін өшпестей мекендеп алды. Жуырда жарияланған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласы ешкімді де бейжай қалдырмай, өткен күндер кеудеңе ой салары анық. Елбасы мақаласына зерлей қарасаңыз, ұлтымыздың бірнеше жылғы тарихы айтылып, онда ата-бабамыздың аңсаған арманы –Тәуелсіздікке қалай қол жеткізгеніміз жайлы терең баяндалған. Елбасы тәуелсіздікке рухымыздың күштілігі мен бекем бірліктің арқасында жеткенімізді тілге тиек ете отырып: «Тәуелсіздіктің мән-мағынасы туралы түрлі ғылым өкілдері өзінше тұжырым жасайтыны анық. Бірақ бір нәрсе ақиқат, ол– ата-бабаларымыздың азатттық жолындағы жан алысып, жан беріскен сан ғасырлық күресінің заңды жалғасы, халықаралық құжаттармен бекітіліп, мәңгілікке берілген сыйы» деп атап өткен. Расына келсек, әлемдегі қаншама ұлттардың асқақ арманына айналып, тәуелсіздікке қол жеткізе алмай жүргендері белгілі. Жер шарында 5 мыңнан астам тілде сөйлейтін халық болса, соның екі жүзі ғана өз алдына Тәуелсіз мемлекет. Осы екі жүзден аса егеменді мемлекеттің ішінде біз де бармыз. Бұл деген біздің халық үшін үлкен бақыт.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдар ішінде қаншама қиындықтар мен кедергілер болғаны шындық. Біздер сол кездегі қиындықтарды халықтың бірлігінің арқасында жеңе білдік. Былай қарағанда, осы орда бұзар отыз жылдың қатпарында қаншама күрделі жолдар мен бағындырған қиын белестер жатыр. Айтуға оңай болғанымен, егемендіктің алғашқы жылдарында елдің еңсесін биіктетіп, іргесін шегендеу оңайға соқпағанын жақсы түсінеміз. Осы кезеңде Елбасының күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалып, тынымсыз еңбек етуінің арқасында бүгінде мемлекетіміз іргелі елге айналдырды. Осындай тынымсыз еңбек болмаса, елдің ертеңі мен келешегі жарқын болар ма еді? Алып кәсіпорындар тоқтап, өндірістер тоқырауға ұшырағанда халықтың табыс көзін таба алмай қалай қиналғанын көзіміз көрді. Сол халықтың ішінде бізде бармыз. Кім не істерін білмей дал ұрып, ауылдағы ағайын кесек құйып, отын алып, шөп орып сатты. Әйтеуір өлместің қамын жасады. Ал қаладағы ағайынның көбі қолдарына ала дорба ұстап ел кезіп, базарға барып сауданы үйрене бастады. Небір атпал азаматтар базарда арба сүйреп отбасын асырады. Сөйтіп барып халық қиындықтарды біртіндеп жеңе бастады. Ел өз күнін өзі көре бастауға осылай үйренді. Мұндай қиыншылық заманды халқымыз талайын басынан өткергенін жақсы білеміз. Сонау сұрапыл соғыс кезінде де халқымыз өгізбен жер жыртып, дән салып, масағын теріп, өз тұстастарының қалай еңбектенгінін Елбасы мақалада мақтан етіп, бүгінгі ұрпаққа үлгі еткен. Онда қашанда еңбек ету арқылы небір қиындықтарды жеңуге болатын құдіретін паш еткен. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан ауылдағы ағаларымыз соғыс кезінде таңмен таласа тұрып дәнді қалай тергендерін, әлі күнге дейін сыр етіп айтады. Олар осы күнге шүкіршілік етеді. Сол соғыс кезінде бұтындағы шалбардың тізесін жамап киіп оқуға барғандарын күрсіне естеріне алады. Сондай қиыншылықта еңбек ете білудің арқасында тес есейгендерін, бір жағынан ата-анаға қолқанат болып, отбастарын асырағандарын мақтаныш етеді. Сондықтан қазақ «Еңбек қиындықты – жеңбек» деп бекер айтпаса керек.
Еңбектің құдіреті жайлы Сыр күрішінің пайғамбары, дала академигі Ыбырай Жақаев: «Еңбек етпей, жерге өкпелеме» десе, дана Абай: «Еңбек етсең -ерінбей, тояды қарның- тіленбей» деді. Айналып келгенде еңбек ету арқылы адам арманға жететіндігін еске салған. Елбасының мақаласында бұл ұрпаққа өте ұғынықты баяндалған.
Барлық айналадағы көршілес іргелес елдермен татулықты орната білген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құс ұшса қанаты талатын байтақ даламыздың шекарасын шегендеп алуының өзі үлкен саясаткерлігінің арқасы. Елдің амандығын, халықтың тыныштығын арыдан ойлағанның айқын көрінісі. Тәуелсіздікті тұғырлы ету жолында Тұңғыш Президент-Елбасы Н. Назарбаевтың ерен еңбегінің зор екенін қарапайым халық өте жақсы біледі. Елдің дамуының бел ортасында жүріп үлес қосқан, қазақ журналистикасының қарагері, Қазақстан халық жазушысы, қоғам және мемлекет қайраткері Шерхан Мұртаза: «Шөп екеш шөп те еркіндікті аңсайды. Қалың қара асфальттің өзін тесіп шыққан қияқ көріп жүрміз ғой. Сол аңсау. Күннің көзін аңсау. Ал сонда қандай халық тәуелсіз болуды аңсамайды? Кім өз еркімен құлдықта, езгіде жүргісі келеді? Әлдебір мәңгүрттер болмаса, ондай халық та, ондай адам да жоқ» деп тәуелсіздік жайлы тебірене толғаныпты. Біздің ата-бабамызда, халықта тәуелсіздікті ғасырлар бойы аңсады. Елбасы осының бәрін «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында тереңнен тарқатып, арыдан толғаған. Енді осы тәуелсіздікті халық болып аялай білуіміз қажет. Сонда ғана тәуелсіздік ұғымы ұрпақ санасына тереңдей еніп, болашақ баянды болмақ.
Бүгінде осы отыз жылдың ішінде дүниеге келген ұрпақтың өзі азамат болып, егеменді еліміздің барлық саласында еңбек етіп жүр. Бұларда елдің дамуына өз үлестерін қосуда. Тәуелсіздігіміздің көк байрағы зеңгір аспан астында желбірей түсіп, тәуелсіздігімі тұғырлы, егемендігіміз мәңгі ғұмырлы болсын! Алла ел-жұртымызға тыныштық пен сабырлық берсін!
Кенжалы ЕРІМБЕТОВ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!