ХХІ ғасырдың алғашқы жылы. Қазақстан Тәуелсіздігінің екінші он жылдығы басталған кезең. Осы он жыл ішінде еліміз оның ішінде Сыр өңірі айтарлықтай өзгерді. Салтанат көші табысты жүзеге асты. Келешек даму даңғылын айқындап, ел экономикасының тұрақты өсуi басталады.
2001 жылы жалпы Ұлттық табыстың 25 процентке тарта жинақтау деңгейiне шықты. Бұдан бөлек 2001 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне карағанда 106,8 мың жұмыс орны құрылып, 18,3 миллион тоннадан астам астық жиналды. Елдегі экономикалық ахуалмен қоса рухани кемелдену, мәдени жаңғыру үдерістері де артты. Елордаға Кенесары ханның ескерткіші қойылды. Алматыда Орталық Азия мемлекет басшыларының Экономикалық коғамдастығының саммиті өтті. Саммитте Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық кеңістікті қалыптастыруға байланысты жобасы қолдау тапты. 2001-2010 жылдарға «Үш тұғырлы тіл» ұлттық мәдени жобасы іске асырыла бастады.
2002 жыл Денсаулық жылы ретінде жарияланды. Сонымен қатар 2002 жылы Қазақстан экономикалық бағытта да сапалы дамуға қол жеткізді. Жылдың тағы бір ерекшелігі осы жылы киелі Түркістанда Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайы өтті.
«Бүгінгі күн жұмыр жердің бетіндегі қазақ атаулыға айтулы күн екені күмәнсіз. Төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қандастарымыздың төрт жүзге жуық өкілі әлем қазақтарының екінші құрылтайына жиналып отыр. Міне, көңілдері ата жұрт деп алып ұшқан алыстағы ағайындарымыз киелі Түркістан төрінде тамаша мерекенің куәсі болуда. Бұл – құрылтай қазақ халқының жаңа мыңжылдыққа біртұтас ұлт ретінде нық қадам басқанының белгісі. Біздің бәріміз үшін бұдан артық бақыт, бұдан артық қуаныш болуы мүмкін емес», – деді Дүниежүзі қазақтары құрылтайының ашылуында Елбасы.
2003 жылы Тәуелсіз Қазақстанның әр саладағы дамуы түбегейлі өзгеріп, «Қазақстан 2030» стратегиясында айқындалған міндеттерді іске асыруға белсенді кірісе бастаған жыл ретінде есте қалды. 2003-2005 «Ауыл жылы» ретінде жарияланды. Елбасының кезекті Жолдауы жарияланып, алдағы кезеңдерге арналған саяси реформалардың бес негізгі басым бағытын қамтитын бағдарламасы ұсынылды.
2004 жылы бәсекеге қабілетті ұлт ретінде таныла бастаған кезең болды. Ұлттық экономика өсімі айқындалды. Жұмыссыздар саны төмендеді, мемлекеттің әлеуметтік саланы оңалтуға қатысты саясаты мығымдалып, жәрдемақылық төлемдер мөлшері біршама артты. Бұл Қазақстанның ТМД кеңістігіндегі әлеуметтік экономикалық саясаттағы жетістігі ғана емес еді. 2004 жылы 204 инвестициялық жоба іске асырылса, соның тең жартысы даму институттарының қолдауымен жүзеге асты. Ұлт көшбасшысы стратегиялық міндет ретінде бәсекеге қабілетті елдердің қатарынан лайықты орын алуды мақсат тұтты. Сонымен қатар «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы туралы қаулы қабылданды.
2005 жылы еліміз экономикалық-әлеуметтік даму қырқын алған кез. Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде қазақ елі төрткүл дүниеге береке бірлігімен, тату тірлігімен танылып үлгерді. Тұрақтылықтың арқасында азғана жылдар ішінде қыруар шаралар тындырылды. Ел тәуелсіздігінің 14-ші жылына дейінгі кезеңнің өзінде алдағы жүрер жолы толық айқындалып, мемлекеттілік маңызды шешімдер қабылданды. Егемендіктің ұзақ мерзімді стратегиялық бағыты одан әрі айқындала түсті. Ең бастысы, 2005 жылы Тәуелсіз Қазақстанның ішкі экономикалық-әлеуметтік дамуы қарқынды қалыпқа түсіп, сыртқы сауда байланысы жандана бастады. Сыртқы елмен сауда саттық қана емес, саяси ықпалдастық пен ынтымақтастық арта түсті.
Осы жылғы Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын қалың жұртшылық аса ықыласпен қабылдады. Бұл жылғы Жолдауда Елбасы тәуелсіз Қазақстанның өткен кезеңдерін саралай келе, алдағы кезеңдерде атқарылуы тиіс міндеттерді айқындады. Осы жылдың маусымында Мәскеуде ҚР Президентінің қатысуымен ЕурАзЭҚ қатысушы мемлекеттер басшыларының Мемлекетаралық кеңесінің отырысы өтті. Кеңестің күн тәртібі бойынша өзара интеграциялық байланыстардың кең ауқымды мәселелері қаралды. Соның ішінде Сырдария және Әмудария өзендері бассейндерінің су энергетикалық қорларын тиімді игеру, мемлекетаралық банктің халықаралық инвестициялық-несиелік және есеп айырысу ұйымы функцияларын жүзеге асыру сияқты мәселелер жан-жақты талқыланды.
2006 жылы Қазақстан өз дамуында тың серпілістерге ұмтылды. Тәуелсіздіктің 15 жылдығын жас Қазақстан бақуаты беки түскен елдердің қатарында қарсы алды. Сындарлы саясаттың арқасында елдің ішкі әлеуеті артып, халықаралық аренада мемлекеттің беделі жоғарылай түсті.
Әлем Қазақстанның қарымды қуатын ғана емес, қайратты саясатын, сауатты жолын, салауатты ұстанымын мойындап, небір түйінді мәселелерде Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекеттің тың бастамасымен санаса бастады. Осы жылы еліміздің жалпы ішкі өнімінің жылдық өсімі 7,1 процентті құрады. 2006 жылдың қаңтарында мемлекетіміздің жаңа Әнұраны қабылданды. Әнұран негізіне Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған композитор Шәмші Қалдаяқовтың 1950 жылдары дүниеге келген «Менің Қазақстаным» әні таңдап алынды. Қолданыстағы Әнұран мәтініне Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың енгізген өзгерістерін Парламент қабылдады.
2007 жыл – Тәуелсіз Қазақ елінің егемендікпен есеюдің тағы бір жылын еңсерді. Мемлекет алдынан тақыр жерден тау тұрғызардай қауқар талап етіліп, қыруар сынақтар күтіп тұрды. Қазақстан өзіне тиесілі байлығын өзі игере бастады. Бұл да Тәуелсіздіктің ең сүбелі жемісі болатын. Бұл жылы Қазақстанның жалпы алтын валюта резервтері Ұлттық қордың қаржысын қосқанда 40 млрд долларға жетті. Банк жүйесіндегі депозиттер 3,5 триллион теңгені құрады. Отандық зейнетақы қорларындағы зейнетақы жиналымдарының өсімі 1,1 триллион теңгеден асып түсті. Елдегі ІЖӨ жан басына шаққанда 7 мың долларды еңсерді. Осы жылы Қазақстанда 22,5 миллион тоннадан астам астық орылды. Бұл тәуелсіздік жылдарындағы рекордтық көрсеткіш болатын. Қазақстан – астық өндірісінің жан басына шаққандағы көлемі мен ұн экспорты бойынша әлемде бірінші орынға шықты. Елбасы Жолдауында айтылған тапсырмаларға сәйкес, республикамызда үш жылдың ішінде салынуы тиіс 100 мектеп пен 100 аурухананың алғашқыларының іргетасын қалау жұмыстары да осы жылы басталып, республика бойынша 65 мектеп ашылды. Осы жылдың еншісіндегі Қазақстанның тағы бір жетістігі ЕҚЫҰ төрағалығына толық қол жеткізуі болды. Қазақ елі бұл жылды да ел ішіндегі елеулі жаңалықтарымен ғана емес, халықаралық дәрежедегі салмақты қадамдарымен де табысты еңсере алды.
2008 жылы Қазақстан жаһандық дағдарысты бастан өткерді. Қазақстан тәуелсіздік жылдары түрлі кезеңдерді еңсерді. Нарықтық даму мен ашық қоғам бағытын таңдаған еліміз үшін әлемдік жаңалықтардың бәрі әсерлі бола бастады. Соның ішінде экономика, қаржы мәселесінде Қазақстан дүниежүзі елдерімен бірге түрлі қиындықтарды да, түрлі асуларды да еңсерді.
2009 жылы халық санағы жүргізіліп мемлекет құраушы ұлттың 63 проценттен асқанын көрсетті. Бұл кез – жаһандық дағдарыс дабылы әлі де басылмаған уақыт. Дағдарысқа қарсы жаппай жұмыссыздықты болдырмау мақсатындағы «Жол картасы – 2009» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, ол өз кезегінде тиімділігін танытты. Ресми мәліметтер бойынша, «Жол картасын» жүзеге асыруға сол жылы республикалық және жергілікті бюджеттерден 191,5 млрд теңге бөлініп, нәтижесінде Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 6,3 процентті құрады.
Осы жылдың сәуір айында Алматыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттер басшыларының саммиті өтті.
Ол бойынша Арал теңізі бассейніне көмек көрсетудің 3-ші бағдарламасы жасалатын болып келісілді. Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ өз әріптестерін Қазақстанның Сырдария өзенінің өткізу қабілетін күшейтуге және Солтүстік Аралды сумен көбірек қамтамасыз етуге бағытталған «Сырдария өзенінің арнасын және Арал теңізінің солтүстік бөлігін реттеу» жобасының бірінші кезеңін аяқтағаны жөнінде хабардар етті. Сондай-ақ 2009 жылы Астанада «Қазақ елі» монументі мен «Тәуелсіздік» сарайы, Орталық концерт залы секілді өзге де ірі нысандардың салтанатты ашылуы болды.
2010 жылдағы елеулі істің бірі – ЕҚЫҰ төрағалығы мен Астана Саммитінің өткізілуі. Бұл жыл – Қазақстанның арғы-бергі тарихында бұрын-соңды қолы жетпеген асуларды еңсеруі арқасында ерекше нәтижелі болды. Жалпылама айтқанда дағдарыстан кейінгі кезеңдегі даму жолын айқын бағдарлап алған еліміз экономика саласында да толайым табыстарға қол жеткізді. Қолға алынған басты жобалардың бірі – 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы. Бағдарлама аясында республикалық және өңірлік деңгейдегі индустрияландыру карталары әзірленіп, осы бағытта Сыр өңірінде де көптеген жұмыстар жүзеге аса бастады.
2011 жыл ел мерейі еселенген жыл ретінде белгілі. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына қарай қарышты қадам басқан кез. Елдің саяси өмірінен бөлек, халықаралық деңгейдегі айтулы шаралардың бірі Қысқы Азия ойындары.
Елорда мен Алматыда өткен Азиада ойындарына 27 елден 1 мыңнан астам спортшы қатысты. Құрлықтық жарыста Қазақстан 32 алтын, 21 күміс, 17 қола медальды жеңіп алып, командалық есепте бірінші орын иеленді. Бұл ел мерейін арттырған, елімізде спорттың оң бағытта дамып келе жатқанын дәлелдеген айшықты оқиға ретінде тарихқа енді.
«Тәуелсіздік» сарайында ел егемендігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Онда Елбасы Н.Назарбаев Тәуелсіздіктің 20 жылдығындағы Қазақстанның жүріп өткен жолын саралап, қол жеткізген табыстар мен алдағы міндеттерге шолу жасады.
Осы жылдың 16 желтоқсанында «Мәңгілік Ел» қақпасы ашылды.
Міне, тәуелсіз Қазақстанның екінші он жылдығы тарих беттерінде осылай таңбаланды. Осы жылдар бедерінде жасалған жұмыстар мен атқарылған істер ел болашағы жолындағы жарқын жетістіктер бастауы еді.
Сыр өңірінде де серпінді істер атқарылып, аймақтың өсіп-өркендеуі жолында татымды тірліктер ауқымы іске асты. Мұның барлығы тәуелсіздігіміздің жемісі мен жеңсі болатын.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!