Дүйсенбі, 15 желтоқсан, 22:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№95 (2207)
13.12.2025
PDF мұрағаты

Тәуелсіздікпен бірге түлеген буын

15.12.2025

40 0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Тәуелсіздік – арманға жол ашқан, еркін ой мен батыл қадамға мүмкіндік берген басты құндылық. Сол тәуелсіздікпен қатар өсіп, елімізбен бірге қалыптасқан жас буын бүгінде түрлі салада табысқа жетіп, қоғамның дамуына өз үлестерін қосып келеді. Қызылордада еңбегімен, білімімен және табандылығымен биік белестерді бағындырған тәуелсіздіктің құрдастары бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңына келіп, жетістікке жету жолындағы тәжірибелері мен ой-пікірлерімен бөлісті.

– Мен 1991 жылы Жалағаш кентінде дүниеге келдім. 2013 жылы Көкшетау техникалық институтына оқуға түсіп, тәжірибе алмасу бағдарламасы бойынша Беларусь Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғаныс университетіне ауысып, 2017 жылы Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою инженері мамандығын аяқтадым. 2023 жылы аталған университеттің “Төтенше жағдайларды жою және азаматтық қорғаныс” мамандығы бойынша магистр дәрежесін алдым. Бүгінде Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасында аға офицер майор қызметін абыроймен атқарып келемін. Оқу барысында түрлі ұлттық-мәдени фестивальдерге, Минскіде өткен “Қазақстан мәдениеті күндері” атты іс-шараларға қатыстым. Осындай игі істердің арқасында оқу орны басшылығы атынан бірнеше рет алғыс хатқа ие болдым. Сондай-ақ, белгілі режиссер Ақан Сатаевтың Белоруссияда түсірілген “Анаға апарар жол” фильмінің қосымша бөлімінде Ұлы Отан соғысының солдаты рөлін сомдау бақытына ие болдым. Бұл қарапайым курсант үшін үлкен мотивация болды. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі – халқымыздың бақыты. Тәуелсіздіктің арқасында еліміз тыныш, береке-бірлікте өмір сүріп жатырмыз. Мен де өз мамандығым бойынша ел қауіпсіздігін сақтау жолында аянбай еңбек етемін,- деді Ғафур Ақмырзаев.

– Мен, Бағжан Алтыбасова, облыстық перинаталдық орталығының акушер-гинеколог дәрігері, облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс репродуктологымын. Менің кәсіби жолым тәуелсіз еліміздің дамуымен қатар қалыптасты. 2008 жылы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне оқуға түсіп, 2013 жылы жалпы медицина факультетін тәмамдадым. 2015 жылы “Акушерия және гинекология” мамандығы бойынша интернатураны, ал 2018 жылы “Балалар гинекологы” мамандығы бойынша резидентураны аяқтадым. Сол жылдан бастап облыстық перинаталдық орталығында қызмет атқарып келемін. Осы жылдардың ішінде әйелдердің репродуктивті денсаулығын сақтау, ана мен бала өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында үздіксіз еңбек етіп келемін. Тәуелсіз еліміздің арқасында кәсіби тұрғыда дамып, халық денсаулығына қызмет ету – мен үшін үлкен мақтаныш әрі жауапкершілік,- деді Бағжан Алтыбасова.

– Ұстаз үшін ең үлкен жетістік – шәкіртінің биікке ұмтылысы мен нақты нәтижесі. Соңғы жылдары оқушыларым қалалық, облыстық және республикалық деңгейде бірқатар жетістіктерге қол жеткізді. Сол жеткен жетістіктерінің нәтижесінде олар Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен Қызылорда Ашық университетінің білім гранттарына ие болды. Қазіргі таңда бір оқушым қалалық олимпиададан І орын алып, облыстық кезеңге дайындық үстінде. Өзім де ұстаз ретінде кәсіби дамудан шет қалмай, республикалық “Педагогикалық идеялар фестивалі”, “Педагогикалық идеялар панорамасы” байқауларына қатысып, қаржылық сауаттылық бағыты бойынша республикалық кезеңде ІІІ орын иелендім. Бұл – тәуелсіз ел ұстазының үнемі ізденісте болуы керектігінің айқын дәлелі. Тәуелсіздік бізге таңдау еркіндігін берді. Ал сол еркіндікті біліммен, адал еңбекпен, нақты нәтижемен дәлелдеу – біздің ортақ міндетіміз,- деді Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектептің математика пәнінің мұғалімі Асылхан Тоқмұрзаев.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: