Жеке сектордағы тұрғын үй қасбеттерінің кемшіліктерін ретке келтіруді және санитарлық-норма талаптарын бақылайтын жұмысшы топ аралау жұмыстарын жүргізді.

Рейд барысында Ы. Жақаев көшесі, № 83 үйдің алдында құрылыс материалдарының көше бетте ашық жатқандығы анықталды. Ал, Т.Есетов көшесі бойындағы тұрғын үй қақпасына ілінген тозығы жеткен билборд жол бойының сәнін қашырып тұр. Түсі оңып кеткен сыртқы жарнама дереу алынып тасталды.

Келесі кезекте Т.Әубәкіров көшесінің бойында заң бұзушылыққа жол берген бірнеше тұрғын үй назарға ілікті. Сондай-ақ, құрылыс материалдарын бей-берекет тастап, жаяу жүргіншілер жолын бөгеген, қоқысы шашылып,үй төңірегін қамыс басқан, сондай-ақ кәріз құдығының бетін ашық қалдырып, балалар өміріне қауіп төндірген жағдайлар белгілі болды.
Жұмысшы топ тиісті талаптарды өрескел бұзған үй иелеріне ескерту жасап, кемшіліктерді шұғыл түзеуді тапсырды. Рейд жұмыстары күнделікті жүргізілуде.

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!