Әлеуметтік желіде Тараздағы мектеп-интернатта түсірілген сұмдық оқиғаның бейнежазбасы тарады. Видеодан бірнеше ұл баланың қызды күштеп дәретханаға апарып, есікті ішінен жауып алғаны анық көрінеді. Басқа балалар есікті ашып қараған кезде қыздың шалбарын киіп жатқаны мен оның айналасында бірнеше баланың тұрғаны ғимараттағы камераға түсіп қалған, – деп хабарлайды Aikyn.kz tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Аталған бейнежазба жергілікті пабликтерде жарияланып, көпшіліктің наразылығын тудырды. Желі қолданушылары мектеп қабырғасында мұндай жағдайдың қалайша орын алғанын анықтап, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті.
Жамбыл облыстық Білім басқармасының хабарлауынша, видео Тараздағы тұрмысы төмен және көпбалалы отбасынан шыққан балаларға арналған мектеп-интернатта түсірілген. Басқарма бұл оқиға бойынша қызметтік тексеріс жүргізілгенін мәлімдеді. Анықталғандай, оқиға биыл 5 сәуірде болғанымен, мектеп әкімшілігі бұл жағдайды құзырлы органдарға уақытында хабарламаған. Оқиға тек видео әлеуметтік желіде таралғаннан кейін ғана белгілі болды.
«Мектеп-интернаттың бірқатар қызметкеріне тәртіптік жаза қолданылды. Құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарламағаны үшін мектеп директоры да Еңбек кодексіне сәйкес тәртіптік жазаға тартылды», – деді облыстық Білім басқармасынан.
Сонымен қатар Жамбыл облысының Білім сапасын қамтамасыз ету департаментіне мектеп директорының үстінен әкімшілік іс қозғау туралы ұсыныс жолданған.
Қазіргі уақытта полиция аталған факті бойынша құқықтық баға беруге кірісті.
Жамбыл облысының балалар омбудсмені Дәурен Бағжановтың айтуынша, қазіргі таңда қыз балаға қажетті психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Ол басқа мектепке ауыстырылған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!