Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен тарихи-мәдени мұра орталығының (тарихи-өлкетану музейі) құрылыс барысы талқыланған мәжіліс өтіп, жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырма жүктелді.
«Музейдің ішкі тақырыптық тұжырымдамасы бекітілуі, экспозициялық көрме залдары заманауи этно-мәдени үлгіде жасалуы тиіс. Аймақтағы туристік әлеуеті жоғары нысан болғандықтан, оның жабдықталуы, экспозициясы заманауи талапқа сай болуы керек. Ғылыми зерттеу жұмыстарын қазірден бастауды ұсынамын. Құрылыс толық аяқталған кезде экспонаттар дайын болуы қажет. Бұл тек келушілерге қызмет көрсететін мекеме емес, ақпараттық технологиялармен қамтамасыз етілген ғылыми-рухани орталық болуы тиіс»,– деді Н.Нәлібаев.
Жиында орталықтың ішкі экспозициялық жұмыстарының жобасын сәулетші-реставратор, Қазақстанның тарихи-мәдени мұра және музей ісі қауымдастығының атқарушы директоры Ринат Кутдусов таныстырып, ұсынысын айтты.Еске салайық, 2024 жыл өңірімізде «Руханият жылы» деп жарияланып, мәдени-көпшілік шаралармен қатар, ауқымды жобалар жүзеге асты. Атаулы жылда барлық 7 ауданда ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият орталықтары» салынып, пайдалануға берілуде.
@ Қызылорда облысының баспасөз қызметі.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!