Жексенбі, 01 маусым, 11:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№40,2153
31.05.2025
PDF мұрағаты

Тарихтың түнегі – ел жадының жарығы

29.05.2025

58 0

31 мамыр – қазақ халқы үшін ең бір ауыр, ең бір күрделі күндердің бірі. Бұл күн – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл – жазықсыз жапа шеккен миллиондаған адамның рухына тағзым ету, тарихтың ащы сабағын ұмытпау, өткеннің өкінішінен сабақ алу күні.

20-ғасырдың алғашқы жартысы қазақ халқы үшін аса қайғылы кезең болды. Сол  жылдары Кеңес үкіметінің тоталитарлық саясаты салдарынан жүз мыңдаған адам қуғын-сүргінге ұшырап, миллионға жуық қандасымыз ашаршылықтан көз жұмды. Жазықсыз “халық жауы” атанған алаш арыстары – Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов сынды қайраткерлердің тағдыры – ұлттық трагедияның бір бөлігі.

Қуғын-сүргін тек саяси элитамен шектелмеді. Қарапайым мұғалім, жазушы, дін өкілі, шаруалар – ешқандай кінәсі болмаса да, жалған жала мен зұлым жүйенің құрбаны болды. Бұл – әділетсіздіктің, шексіз биліктің салдары еді. Ашаршылық жылдары қазақ даласы жетімге, жесірге, жетімсіреген жұртқа айналды.

Бүгін біз еркін елде өмір сүріп отырмыз. Бірақ бұл бақыт – сол құрбандардың үнсіз жан тәсілім еткен өмірімен келген бақыт. Сондықтан 31 мамыр – үнсіздік күні емес, жадымызды жаңғыртар күн.

Бұл күнді тек тарих сабағы ретінде ғана емес, ұлттың ар-ожданына айналған күн ретінде қабылдауымыз керек. Өйткені өткенді ұмытқан халық – болашағына бағдар таба алмайды. Жастар үшін бұл күн – ата-бабаларымыздың азаттық жолындағы азапты күресін түсінуге мүмкіндік.

31 мамыр – бұл ел жадының күнтізбедегі қаралы күні. Бірақ дәл осы күн – халқымыздың рухын, төзімін, тарих алдындағы биік борышын еске салар күн.

Біз өткенімізді ұмытпай, болашағымызды санамен құруға тиіс ұрпақпыз. Себебі… Есте қалған – ел болады, ұмытқан – құл болады.

Маман Сымбат,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің

Журналистика мамандығының 1-курс студенті

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: