Бейсенбі, 26 желтоқсан, 17:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Тарихтың жаңа кезеңі

24.10.2022

902 0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Республика күні – ұлттық мерекеге орай «Егемендік декларациясы: Тәуелсіздік бастауы» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияға облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова, жетекші отандық және шетелдік жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтардың белгілі ғалымдары, білім алушылар, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов Республика күнін ұлттық мереке ретінде атап өтудің айрықша мәнге ие екенін айтып, атаулы күннің жалпы тарихына тоқталды.

 –  Ұлттық бостандығымызға бастау болған Республика күні 2009 жылдан бастап мерекелік тізімнен алынып тасталғанын бәріміз білеміз. Араға 13 жыл салып, Республика күні – ұлттық мереке болып халқымызға қайта оралды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіз ел болу – оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес – күнделікті еңбек пен үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады» деген сөзінің өзектілігі күн санап артуда.  Ұлттық мереке ең алдымен біздің ортақ тарихымызға, ұлы дала елінің ұлағатты өткеніне тағзым болса, болашағы біртұтас ұлттың ертеңіне деген нық сенім, – деді облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов.

Басқарма Төрағасы-ректор Бейбіткүл Кәрімова халықаралық конференцияның маңыздылығына тоқталып өтті.

 – Мемлекеттің егемендігі жарияланған декларацияда Қазақстанның тәуелсіз ел ретіндегі саяси имидждері бекітілді. Осы декларацияның арқасында біз кеңестік заңдарды қолданудан бас тартып, өз Ата заңымызды құруға қадам бастық. Қысқа уақыт ішінде егемен еліміз – қазақ халқының бейбіт ұстанымы мен толеранттылығы, табиғи ресурстарға бай еліміздің инвестициялық тартымдылығы сынды факторлардың арқасында өркениет өрісінен көрінді. Қазіргі күні Қазақстанның жасаған жетістіктерін дүниежүзілік қауымдастық мойындап отыр. Ел ішіндегі ауызбіршілік пен түсіністік, дербес ел болуға деген халқымыздың құлшынысы бізді осындай биіктікке жеткізді, – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.

Конференция барысында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетіфилософия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының профессоры, философия ғылымдарының докторы Баймырза Қожамберлиев «Тәуелсіздік – баянды тұғырымыз» тақырыбында баяндама жасады.

 – Қазақ халқының болмысында айрықша орын алатын ұғым бар. Ол – Тәуелсіздік ұғымы. Сан ұрпақ аңсаған Тәуелсіздік адамзат баласының болмысында ерекше орын алатын қасиетті, қадірлі ұғым. Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттігімізді қалыптастырдық. Әлемдік қауымдастық мойындаған елдердің біріне айналдық. Қазақ халқы қай заманда, қандай жағдайда болсын өз болмысының азаттығын өз өмірінен артық қойған халық. Сондықтан қазақ елінің танымдық түсінігі әрқашан азаттық, тәуелсіздік ұғымдарымен астасып жатады. Себебі қазақ халқы өз ұлтын, өз жерін қасиетті санаған. Тәуесіздік ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, бостандық пен тәуелсіздікті, азаттық пен дербес дамуды аңсаған азаматтар рухымен шыңдалды. Міне, осындай жетістіктерге жетіп, Республика күнін тойлағалы отырғанымыздың өзі сол рухтың арқасы деп ойлаймын. Халық жадында жаңғырып, оның күнделікті өмірімен астасып, сабақтасып отырмайтын тарих ол – өлі тарих. Тәуелсіз ел тарихын қайта парақтап шығу бүгінгі бізге де, болашақ ұрпаққа да пайдалы болмақ. Ұлттық рух мәселесіне ерекше көңіл бөлу қажет. Ұлтық рухты сақтап қалған ел ғана өз елдерін қорлатпайды, өздері де қорланбайды, қорғайды. Сондықтан да біз қазақ халқының рухы биік, мықты болып әлемдік кеңістікте өз орнын алатынына сенеміз. Тәуедсіздігіміздің тұғыры баянды болғай,  –деді ол баяндамасында.

Сонымен қатар конференцияда Түркия Республикасы, Кония қаласынан онлайн байланысқа шыққанСелчук университетінің қауымдастырылған профессоры, ғылым докторы (PhD) Шағатай Бенхур «Қазақстан Тәуелсіздігінің  жариялануы туралы  Түркияның  мерзімді басылымдарында берілуі», Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдарының докторы, профессор Наталья Калашникова«Қазақстандағы этносаралық қатынастардың қазіргі трендтері» және Германия, Тюбинген қаласынан Эберхард және Карл атындағы Тюбинген университетінің профессоры, археология докторы Генрих Харке«Тәуелсіздік жылдарындағы Арал өңірі археологиясының дамуы»  тақырыптарында баяндама жасады.

Шара барысында ғылыми инновация бойынша университеттің жетістіктері мен жобаларын таныстырды. Сондай-ақ  «Қазақстан – Тәуелсіз ел» кітап көрмесі қойылды.

Халықаралық конференция салтанатты жиынға жалғасты. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырған эссе және диктант байқауының  жеңімпаздары марапатталды. Мәселен, «Менің арманымдағы Қазақстан» эссе конкурсына университеттің 235 студенті қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қатысқан. Байқау жүлдегерлеріне арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Ал «Атамекен» тақырыбында өткен университетішілік диктантқа жалпы саны 1210 студент қатысқан. Орфографиялық заңдылықтарды сақтап, көркем жазумен ерекшеленген       20 студент үздік деп танылып, университет ректорының алғыс хаты мен естелік сыйлықтарына ие болды.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: