Елбасы судьялардың VI сьезінде сот тәртібімен қаралуға жататаын дау-дамайды азайтып, соттан тыс реттеудің әдістерін, бітімгершілік және медиация процедураларын енгізуді тапсырған еді. Содан бері медиацияны насихаттау мақсатында белсенді іс-шаралар жүргізіліп, арнайы заң қабылданды.
Тарих беттерінде зер салсақ, ертеде билер татуластыруды тиімді қолданып, ел арасындағы түрлі даудың түйінін шебер шеше білген. Сондықтан, бүгінгі медиация билер сотының жаңғырған, жаңаланған түрі десек артық айтқандық емес. Әрине, алғашында медиация, медиатор атауын жатсынғанымыз рас. Алайда, қазіргі таңда кешенді жүргізілген жұмыстар нәтижесінде медиацияға сенім артатындардың саны артып отыр. Сондай-ақ, Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов сот төрелігін дамыту бойынша жеті басым міндетті саралап, «Сот төрелігінің 7 түйінін» ұсынғаны белгілі. «7 түйіндегі» басты міндеттің бірі «Сотсыз татуласу орталығы». Осы бағытта өңірде ауқымды жұмыстар жүргізіліп, жергілікті телеарнада «Татуласу: сотқа дейін, сотта» бағдарламасы ашылып, судьялардың қатысуымен медиация мүмкіндіктері кеңінен насихатталуда. Ал соттарда ашылған фронт-кеңселер, құқықтық қызмет көрсету орталықтарынан тұрғындардың медиаторлар, нотариус, адвокат, ХҚКО-ның қызметтерін алуға мүмкіндік қарастырылып, дауды соттан тыс реттеуге басымдық берілді. Әлем елдерінде кәсіпкерлер арасындағы дауларды өркениетті шешуде медиацияны қолдану дағдыға айналған. Мәселен, американдық корпорациялар жылдар бойы тәжірибеде медиацияны табысты пайдаланып, жүздеген миллион қаражатты үнемдеуде. Сондай-ақ, медиация Еуропа елдерінде, Жапония, Қытай, Корея, Үндістан кеңінен қолданылады. Осы орайда, жыл басынан бері Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 7 іс медиациямен қысқартылып, өндірістен тоқтатылған.
Сот процестері ұзаққа созылып, тіпті тараптардың бірінің өкілі келмесе де кейінгі шегерілуі ғажап емес. Ал, бейбіт келісімге келсеңіз уақыттан бөлек, шығынды да үнемдейсіз. Сотта тараптар бір-бірінен кінә іздеп, қосымша дәлел ұсынып, өзінікін дұрыс қылуға талпынады. Медиацияда ауызбіршілік маңызды. Бүгінгідей төтенше жағдай кезінде тараптарды бітімгершілікке келтірудің мүмкіндігі қарастырылып отыр. Мәселен, Жоғарғы Сот «Онлайн татуластыру» сервисін іске қосты. Төтенше жағдай кезінде аталған жүйе көмегімен үйден шықпай-ақ кез келген дау-дамайды сотқа жеткізбестен шешуге болады. Сондықтан, татуласту – дауды шешудің ең тиімді әдісі болмақ.
Қайратбек БЕРЖАНОВ,
Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!