Алатау қаласында дәмхана иесі жергілікті әкімдікпен келісімсіз іс-шара ұйымдастырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Оқиға дәмхананың ашылу күні болған. Келушілерді тарту мақсатында мекеме тегін ролл мен торт таратқан, бұл халықтың жаппай жиналуына және дүрлігудің туындауына себеп болған.
26 қазанда Алатау қаласының Жетіген шағын ауданында орналасқан дәмхана әкімшілігі мекеменің ашылуына орай іс-шара өткізді. Келушілерді тарту үшін тегін роллдар мен торт таратылған. Науқан дәл сол уақытта жанындағы жексенбілік базардың жұмысына сәйкес келіп, келушілер санының күрт артуына алып келді. Сондай-ақ азаматтарды шақыру SMS-хабарлама арқылы жүргізілген, – деді полицияда.
Тексеру нәтижесінде іс-шара Алатау қаласы әкімдігімен келісілмей өткізілгені анықталған. Сонымен қатар дәмхана әкімшілігі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету және көп адам жиналған жағдайды реттеу шараларын дұрыс ұйымдастырмаған.
Мекеме иесіне қатысты әкімшілік іс қозғалды. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 443-бабы 1-бөлігі бойынша (қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету талаптарын бұзу) хаттама толтырылып, кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды, – деп хабарлады Алматы облысының полиция департаменті.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
