Сейсенбі, 26 қараша, 19:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

Тегіңіз қазақша ма?

31.07.2021

1208 0

Биыл еңсемізді тіктеп, егемен ел атанып, Тәуелсіздік туын желбіреткелі – 30 жыл. Ширек ғасырдан астам уақытта Қазақстан қанша биік белестерді бағындырды. Ауыз толтырып айтарлықтай толағай табысқа жетті. Десе де әттеген-ай тұстары да бар. Кеңес заманынан бері әлі күнге дейін өз шешімін таппай келе жатқан түйткілді мәселе де жетерлік. Атап айтсақ, тегіміздегі «ева», «ова», «ев», «ов» жұрнақтарынан ажырай алмай келеміз.

Әрине, бұл мәселе бүгін ғана көте­ріліп отырған жоқ. Мәселен, ұлт зия­лысы  Әлихан Бөкейхан өз заманында: «Қазақтың аты-жөнін орыс халқына елік­теп,  «ов, ев» деп жазу тоқтатылсын! Бұдан былай қазақ азаматтары өз тегін «ұлы», «қызы» деп аяқтаса, санамыздың ұлттың мүддесіне қарай өрістері хақ!», – деп ұрандаған екен. Бір өкініштісі содан бері қанша жыл өтсе де,  аты-жөнімізге жалғанған жұрнақтан құтылған жоқпыз. Бүгінде тегімізді қазақшалауға ешкім кедергі келтіріп отырған жоқ. Керісінше Ата Заңда әр азаматтың өз қалауына қарай таңдау құқығы берілген.

«Ақмешіт апталығы» газетінің 1996 жылы 2 сәуірдегі санында «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» ҚР Президентінің Жарлығы жарияланып, содан кейін ата-тегімізді қазақшалау жөніндегі мақалалар нөмір сайын жария­ланып отырған. Сол кезде  редакция ұжымы да газетке аты-жөнін қазақшалап жазуды дәстүрге ай­налдырыпты. Газеттің бұл бастамасы талайға өз тегін қазақша жазуға әсерін тигізгені сөзсіз. Ал қазір не кедергі?

Бұл мәселе осыған дейін де газет беттерінде жиі көтеріліп жүр. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Сәдуақас Аңсат аты-жөнін қазақ­шалауды мем­лекеттік мекемелердің қыз­меткер­лерінен бастау керегін айтады.

– Тәуелсіздік алғанымызда «бұл күнге де жеттік-ау» деп халық қатты қуанды. Сол кезде Тәуелсіздік алған елдер арасында мемлекеттік тіл жөнінде заң қабылданды. Ал бізде жоғары кеңестің депутаттары «мемлекеттік тіл орыс тілі мен қазақ тілі» деп бекітпек болды. Сонда Мұхтар Шаханов мінберге шығып, «Құрметті дептутат мырзалар екі тіл мемлекеттік тіл ретінде қабылданса, бұдан кейін қазақ тілі орыс тілінің көлеңкесі болып қалады» деп ашық айтып, мемлекеттік тілдің қазақ тілі болуы керектігін жеткізді. Одан кейін де қанша талас-тартыс болып, соңында мемлекеттік тіл – қазақ тілі болып бекітілді. Алайда әлі күнге орыс тіліне деген құлдық санадан арыла алмай келеміз. Соның салдарынан бүгінге дейін орыс тілі басымдық танытып кетеді. «Тіл мерейі – ел мерейі» дегендей, қазіргі уақытта мемлекеттік тілдің мәртебесін биік ұстау бағытында түрлі шаралар өткізілуде. Десе де толық қазақшалануға мүмкіндік болмай отыр. Әл де сол мүмкіндікті дұрыс пайдалана алмай жүрміз. Мәселен, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары үлкен сер­пін болып, мемлекеттік мекемелер, бас­тауыш ұйымдары қазақшаланды. Одан кейін бірті-бірте тілге деген құрмет әлсірей бастады. Әсіресе, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында балабақшадағы кішкентай балаға дейін орысша сөйлейді. Енді қараңыз, осыдан кейін мемлекеттік тілдің мәретебесін, мерейін кім көтереді? Өзіміздің тілді өзіміз қорғамасақ, орыстар келіп қолға алмайды ғой. Сондықтан әрбіріміз өзімізден бастауымыз керек. Аты-жөнін қазақшалауды ұлтжанды, қазақ тіліне жана­шыр мекемелердің қызметкерлерінен бастасақ керемет болар еді. Қазіргі кезде болмашы дүниені де челленджге айналдырып жүр. Соның орнына тегімізді қазақшалауды бір-бірімізге ұсынып, соны неге ұйымдастырмасқа? Мәселен, менің дипломымда Садуақас Аңсатов деп жазылған. Оны қазақшалап, Садуақас Аңсат қылдым. Мұның ешқандай зияны тиіп жүрген жоқ. Тегімізді қазақшалаудан қорықпағанымыз абзал, – деді С.Аңсат.

Расында бір адамның басында бірнеше құжат бар. Оның бәрін өзгерту тіпті мүмкін емес. Сондықтан да бұл мәселеге ешкімнің бас қатырғысы келмейтіні анық. Бір жағынан еліміздегі қағазбастылық пен қарапайым халықты сандалтып анда-мұнда жүгіртіп қойғаны тағы бар.  Алайда халық көп шоғырланатын орындарға «Тегіңізді қазақшалауға қалай қарайсыз?» деген ұранмен түрлі шаралар өткізіліп, қазақшалау жолдары түсіндірілсе, он адам­ның біреуіне болса да ой салары анық. Мән-мағынасы жоқ, жалаң акцияларды ұйымдастыра бергенше осындай маңызы бар дүниелерді қолға алған жөн секілді. Осы мәселені әріптестер арасында да жан-жақты талқыладық. Сондағы ұққаным тегін қазақшалаудан ешкім де қашпайды. Керісінше бәрі де бірауыздан келісті. Дегенмен көбісі оның жұмысы көп екенін алға тартады. Өйткені, бізде жеке куәлікті өзгертсек, осыған сәйкес барлық құжаттарды – диплом, үй-жай, көлік, басқа да мүлік құжаттарының бәрін ауыстыруға тура келеді деп ойлайды. Бұл қаншалықты рас? Осы жөнінде тиісті мамандардан сұрап білген едік.

– «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселе­лерді шешу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 2 сәуірдегі № 2923 Жарлығына сәйкес, ұлты қазақ адамдар, қалайтын тегін, әкесінің атын мемлекеттік немесе орыс тілінде көрсетіп, еркін нысандағы өтінішпен жүгіне алады. Бұл ретте, тегіндегі қазақ тіліне жат «-ов, -ова», «-ев, ева», «-ин, -ина» жұрнақтар алып тасталып, тегі мен әкесінің атының түбірі сақталып, бір уақытта әкесінің атын жазғанда олардың орнына жынысына қарай «ұлы», «қызы» жалғаулары бірге қосылып жазылады. Осыған орай тегін қазақшалағанда азаматтың тегі мен әке­сі­нің атының түбір негіздері сақтала оты­рып, қазақ тіліне тән емес аффикс  алы­нып тасталады. Сондай-ақ әкесінің атын жазу кезінде қазақ тіліне тән емес аффикс орнына әкесінің есіміне адамның жы­нысына қарай «ұлы» немесе «қызы» деген жалғау жалғанады. Өтінішке мына құжаттардың бірі қосымша беріледі: туу туралы куәлік (жеке басты куәландыратын құжаттарды алғаш рет алған кезде) және ауыстыруға жататын жеке куәлік, паспорт. Тегі мен әкесінің атының жазылуы қазақ халқының қалыптасқан дәстүрлеріне сәй­кес өзгертілген ұлты қазақ адамдар өтініш білдірген жағдайда, паспорттар мен жеке куәліктерді олардың бұрынғы тектері мен әкелерінің аттарын ұсынылған туу туралы куәліктерге сәйкес бұрынғыдай жаза отырып ресімдеуге болады. Сонда байқасаңыз, тегіңізді ауыстырар кезде, сізге керек болатын құжаттар, ол жеке куәлігіңіз ғана. Ал қал­ған құжаттарыңызды, яғни туу туралы куәлігіңіз, диплом, неке куәлігіңізді, т.б. ауыстырудың қажеті жоқ. Себебі компью­терде тегіңізді ескіше теріп қараса да, жаңаша жеке куәлік бойынша қараса да бір ЖСН (ИИН) шығып тұрады. Сол ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірі) арқылы оның қай жерде де бір адам екені дәлелденеді. Ал мерзімі аяқталған құжаттарыңыз болса (жүргізуші куәлігі, т.б.), оларды сол мерзімі біткенде ауыстырған жөн, – дейді «Азаматарға арналған үкіметті» мемлекеттік корпорацияның облыс бойынша филиалы Халыққа қызмет көрсету бойынша қалалық №1 бөлімі басшысы Алтынбай Миманов.

Жақында «Ана тілі» газетінде Үміт Битенова жазған «Аты-жөнімізге қазақша жалғануы қажет» деген мақала жарық көрді. Мұнда ол өз ұсынысын ортаға салды. Мақалада жаңа туған нәрестелерге беріліп жүрген есім мен тегіне де тоқталған. Мәселен, Нұртөре Төремұрат оның қай­сысы есім, қайсысы тегі екенін білу қиын. Құжатта негізі – Төремұрат Нұртөре Темірланұлы. Алайда көп жерде Төремұрат Нұртөре деп жазылатыны ақиқат. Енді анықтап алыңыз. Көбіне есімін айттым деп тегін айтып жатады. Мұндай жағдайлар жиі кездесіп жүр. Расында осы мәселені де қолға алып, халыққа түсінікті тілмен жазу керек. Мәселен, Үміт Битенова жазған мақалада «Әке атын керек етпейтін құжаттарда: әйел жынысты фамилия «Үміт Битеннен» немесе «Үміт Битендікі», ал ер жынысты фамилия «Арман Битентегі» болады» делінген.

Байқағанымыздай, тегін қазақшалауға көпшіліктің пікірі әртүрлі. Десе де ешкімнің қарсылығы жоқ. Тек олар арнайы тапсырма күтіп жүргендей.  Қалай болғанда да тегі­мізді түзету мәселесін қолға алатын уақыт келген секілді. Ендеше, Үкімет пәрменін күтіп жүргенше неге өзімізден бастамасқа… Сіздің ойыңыз қалай?

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: