Ақтөбе облысында полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерді мониторингілеу барысында жасөспірімдердің атыс және суық қару ұстаған фотосуреттерін анықтады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz басылымына сілтеме жасап.
Полицейлер бұл жазбаларды әлеуметтік желілерді бақылау барысында байқаған. Фотода 16–17 жастағы жасөспірімдер қаруға ұқсас заттармен бірге суретке түскен.
Полиция барлық қатысушылардың жеке басын анықтады. Олардың бесеуі – Ақтөбедегі колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері, біреуі – аудандық мектептің оқушысы. Барлығы полиция бөліміне жеткізілді. Тексеру кезінде олардың біреуінен газ тапаншасы табылып, тәркіленді.
«Контент үшін» — жасөспірімдердің түсіндірмесі
Жасөспірімдердің айтуынша, бұл жарияланымдар тек «контент үшін» жасалып, қорқыту немесе зорлық-зомбылықты насихаттау ниеті болмаған. Полиция олармен және ата-аналарымен профилактикалық әңгіме жүргізді. Барлық жасөспірімдер профилактикалық есепке қойылды. TikTok-тағы жазбалар жойылды.
Жасөспірімдер оқитын оқу орындарында мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында қосымша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!