Бүгінгі күннің жастары — TikTok буыны. Әлеуметтік желінің екпінімен ер жеткен, қысқа видеоның қызығымен күн кешіп жүрген жаңа толқын. Олар үшін әлем – смартфон экранында, өмір — стористе, ал пікір — лайк пен комменттің санымен өлшенеді. Ал осы қарқынды виртуал өмірдің тасасында шынайы білім мен терең мазмұн не күй кешіп жатыр?
TikTok бастапқыда көңіл көтеру, уақытты жеңіл өткізу үшін арналған платформа болатын. Алайда бүгінде бұл алаң көп жастар үшін басты ақпарат көзіне айналды. Кітап оқу, деректі фильм қарау, не болмаса ғылым-білімге ден қою секілді дәстүрлі тәсілдер ұмыт бола бастағандай. Бір минуттық видеомен тұтас тақырыпты түсіндіру мүмкін емес. Бірақ сол қысқа мазмұн жастарға жеткілікті сияқты. Өкініштісі — олар осыдан әріге барғысы да келмейді.
Білім — терең ой мен табандылықты талап ететін жол. TikTok болса лезде қабылданатын, ойлануға мұрша бермейтін контенттер легі. Бірі әзіл айтып күлдірсе, бірі тренд билеп тәнті қылады. Дегенмен сұрақ туындайды: бұл уақытша қызықтар болашаққа не береді?
Бүгінде көптеген ұстаздар мен ата-аналар TikTok-тың жастарға тигізіп жатқан әсеріне алаңдайды. Сабаққа зейіні төмендеген, кітаптың бетін ашпаған, мәтін оқуға ерінетін жас буын қалыптасып келеді. Білімге деген құштарлықты оятудың орнына, көңіл көтеру мен “танымал болу” арманы алға шығып тұр.
Әрине, TikTok-тың пайдасын жоққа шығаруға болмайды. Оны дұрыс пайдаланса — ақпарат тарату құралына, тіпті оқыту платформасына айналуы мүмкін. Бірақ бұл үшін әр қолданушы өз жауапкершілігін сезініп, желіні ақылмен қолдануы керек.
Білім — сән емес, қажеттілік. Тренд — өтпелі, ал тәрбие мен таным — мәңгілік құндылық. TikTok-та емес, кітаптың парағында, ұстаздың сөзінде, өмірдің өзінде шын мәні бар мазмұн жатыр. Сондықтан TikTok ұрпағы үшін басты сұрақ: біз уақытты лайықты нәрсеге жұмсап жүрміз бе?
Келешек — бүгінгі таңдаған бағытымыздың жемісі. Егер білім мен мазмұнды алдыңғы орынға қойсақ, TikTok та бізге кедергі емес, көмекші бола алады
Қарақат Медетқызы
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің
Журналистика мамандығының 1-курс студенті
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!