Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев медициналық сақтандыру аясында тіс емханаларында болып жатқан күмәнді әрекеттерге назар аударды. Ол халық өз ақшасын қайда жаратса да, өз еркі деп санайды, деп хабарлайды BAQ.KZ
Оның айтуынша, мемлекеттен бөлінетін миллиардтаған қаражат тек санаулы. Нақты айтқанда, еліміздегі топ-20 тіс емханасының ғана еншісіне тиіп отыр.
Бұл жерде де белгілі бір махинациялар бар. Мысалы, тіс емделіп жатыр дегенімен, кейбір азаматтар қызметті шын мәнінде алмайды. Кейбір адамдардың айтуынша, кейбір емханалар бөлінген соманың 10-15 пайызын ғана пайдаланып, қалғанын басқа мақсаттарға жаратады екен. Бұл – өте күмәнді әрі тоқтатылуы тиіс әрекет, – деді депутат.
Ол сондай-ақ, медициналық сақтандыру қорындағы қаржы – халықтың өз қаражаты екенін еске салды.
Бұл – халықтың өз ақшасы. Ол тіс емдей ме, той жасай ма, ит ала ма – өзі біледі. Өйткені бұл қор азаматтардың жалақысынан ұсталған 10 пайыз есебінен жиналады, – деді Мұқаев.
Депутаттың пікірінше, азаматтарға қордағы жинақталған қаражатты еркін пайдалану мүмкіндігін беру керек.
Тек үй алу немесе тіс емдеу үшін ғана емес, басқа да қажеттіліктерге жаратуға рұқсат етілуі қажет, – деді ол.
Айта кетейік, қазақстандықтарға зейнетақы жинағынан тіс емдеуге қаржы алуға тыйым салынды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!