Жексенбі, 22 желтоқсан, 06:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Төтенше жағдайлар департаментіне жаңа өрт сөндіру автокөліктері берілді

15.03.2024

238 0

Сурет: облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамына өрт сөндіру автокөліктерінің кілтін табыстау рәсімі өтіп, құтқару саласының қызметкерлері марапатталды.
Салтанатты шараға «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасы Ринат Гаппаров арнайы келіп қатысты.

Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, төтенше жағдайдың алдын алу, адам өмірін құтқару жоғары және жауапты миссия екенін атап өтті.

«Баршаңызды жыл басы – Амал мерекесімен және алдағы Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Сыр өңірінде кейінгі жылдары мақсатты бастамалар қолға алынып, аймағымыз қарқынды дамуда. Экономиканың барлық негізгі көрсеткіштерінде өсім бар. Қаңтар-ақпан айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша Қызылорда облысы өңірлер арасында алғашқы орыннан көрінді. Облыстың биылғы бюджеті 650 млрд теңге болып бекітілді. Бұл қаражат бірінші кезекте өзекті мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталды. Бүгін облыстық бюджеттен бөлінген 1 млрд. 900 млн. теңгеге 14, республикалық бюджеттен бөлінген 266 млн. теңгеге 3 өрт сөндіру техникасы табысталуда. Бұл – төтенше жағдайлар саласына үлкен қолдау. Құтқару саласы қызметкерлеріне өңір халқы атынан алғыс білдіреміз. Ылайым, елімізде, туған жерімізде төтенше жағдай, апат болмасын деп тілейміз», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Жиында ҚР ТЖМ Құрметті ардагері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Қорғанбек Қайруллаев сөз сөйлеп, әріптестеріне сәттілік тіледі.

Кейінгі жылдары өңіріміздегі барлық саланың материалдық-техникалық базасын нығайтуға басымдық берілуде. Қоғамдық көлік мәселесін түбегейлі шешу үшін 300 автобус, мектеп оқушыларына 30 автобус, денсаулық сақтау саласына 70 жедел жәрдем көлігі, орманшыларға 95 техника, ветеринария саласының мамандарына 30, құқық қорғау органдарына 92 қызметтік автокөлік алынды. Тұрғындар игілігіне қызмет ету үшін коммуналдық салаға да 42 техника табысталды.

«Үлгілі елді мекен» облыстық байқауының жеңімпаздарына күнделікті ел тұрмысына ең қажетті деген заманауи үлгідегі 29 арнайы техника берілді. Облыс тұрғындарының сұранысына сәйкес биыл барлық елді мекендердегі медициналық ұйымдарға 200 санитарлық автокөлік алынады деп жоспарлануда.

2022 жылы облыстық бюджеттен бөлінген 54,3 млн.теңгеге Арал ауданы Қамыстыбас елді мекеніне тез құрастырмалы модульді құтқару станциясы алынып орналастырылды. Өткен жылы 40 млн.теңгеден астам қаржыға 40-тан астам арнайы құрылғы (10 тепловизор, 15 сигнализатор, 4 компрессор, 5 мотопомпа) алынды. Алдағы уақытта сол жағалауға 4 шығысқа арналған өрт сөндіру депосын, Арал ауданы Сексеуіл кентіне 2 шығысқа арналған тез құрастырмалы өрт сөндіру депосын салу көзделген.

Айта кетейік, өрт сөндіру көліктері «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның линзингтік бағдарламасы арқылы сатып алынған.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: